07.12.2024 | 02:53

МИХАИЛ ШАЙДОРОВ ISU ГРАН-ПРИ ФИНАЛЫНДА 3-ОРЫНДА КЕЛЕ ЖАТЫР

Францияның Гренобль қаласында мәнерлеп сырғанаудан ISU-дың Гран-При финалы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ерлер арасында Ұлттық құрама спортшысы Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадан кейін 3-орынға жайғасты. Қазір оның еншісінде 91.26 ұпай бар. Әзірге көш басында - Илья Малинин (АҚШ, 2024 жылғы әлем чемпионы, 2023 жылғы Гран-при жеңімпазы). Одан кейінгі сатыда Юма Кагияма (Жапония, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері) тұр. Жүлдегерлер ертеңгі еркін бағдарламадан кейін анықталады.

Қысқа бағдарламадан кейінгі кесте:

«Осында, финалда өнер көрсетіп тұрғаныма қуаныштымын. Мұз, арена, бәрі ұнап тұр. Бүгін қатесіз, таза сырғанадым. Тек сәл тепе-теңдікті сақтай алмаған кезім болды. Ертең 3 аксель және 4 сальхов элементі бар жаттығуымды таза орындауға тырысам. Бұл комбинацияны 3 күн бұрын бағдарламама қостым. Ал финалға қатысатынымды 1 апта бұрын ғана білдім»,-деді қысқа бағдарламадан кейінгі сұхбатында Михаил Шайдоров.

Айта кетейік, Гран-при финалында жекелей сында барлығы үздік 6 ер сынға түсіп жатыр. Әуелде Халықаралық конькишілер одағы (ISU) жариялаған тізімінде Шайдоров болмаған. Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2024), 2 дүркін Еуропа чемпионы Адам Сяо Хим Фа тобығын ауыртып алып, өз жанкүйерлерінің көз алдында өнер көрсете алмайтын болған соң оның орнын резервте 1-ші тұрған Михаил басты.

Михаил Шайдоров – Гран-при финалына шыққан тұңғыш қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес