05.02.2023 | 20:55

Нұралы Ақжол мен Арина Ильяшенко Инцелльдегі Әлем Кубогы кезеңінің жүлдегері атанды

Бүгін Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем Кубогының 3-кезеңі мәресіне жетті. Соңғы жарыс күні Ұлттық құрама спортшылары тағы 2 медаль жеңіп алды.

Ерлер арасында 1500 метрде бақ сынаған Нұралы Ақжол күміс жүлдегер атанып, барлық үш кезеңнің қосындысы бойынша жалпы есепте осы қашықтықта 2-орын алды. Норвегиялық Эмиль Педерсен 1-орынға, жапон Котаро Касахаро 3-орынға жайғасты.

Әйелдер арасында тура осы қашықтықта отандасымыз Арина Ильяшенко үздік үштікті түйіндеді. Ол 1500 метрді 2:03:70 секундта бағындырды.

Қазақстан құрамасы Инцелльдегі кезеңде 1 алтын, 2 күміс пен 2 қола жүлдеге қол жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, бұл бәсекеге 28 елден 218 спортшы қатысты. Енді спортшылар дәл осы қалада 10-12 ақпанда болатын жастар арасындағы Әлем чемпионатында бақ сынайды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес