02.02.2025 | 16:27

НЫСАНА КӨЗДЕУДЕН 2025 ЖЫЛҒЫ МАУСЫМ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫМЕН БАСТАЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласында нысана көздеуден командалық Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бұл мергендер үшін биылғы алғашқы жарыс. Осында іріктеуден өткен соң олар Азия Кубогы мен Әлем Кубогы кезеңдерінде бақ сынайды. Бүгін алғаш болып ерлер 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден жүлдеге таласты.

Мұнда Алматы қаласының командасы (Ислам Сәтпаев, Константин Малиновский, Алексей Клейменов) жеңімпаз атанды.

Күміс – Шымкент қаласы (Никита Шахторин, Ринат Казаченко, Олег Носков)

Қола – Павлодар облысының спортшылары (Руслан Загитов, Владислав Костенко, Артём Потрянко).

«Біз үшін 2025 жылғы жарыстар ресми басталды. Әлі бабымызды жақсарту үшін көп дайындық керек. Чемпионаттан соң көп уақыт өтпей бізді Азия Кубогы күтіп тұр. Мен бұл чемпионатты халықаралық маусымға кіріспе ретінде қарастырамын»,-деді Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев марапаттау рәсімінен кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, ертең әйелдер дәл осы бағдарламада кім мықтыны анықтайды. Бұл қатарда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Александра Ле, сонымен қатар Әлем Кубогының жеңімпазы Арина Алтухова, Елизавета Безрукова, Қазақстан Кубогының иегері Алина Сәтпаева сынды спортшылар бар.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес