06.06.2022 | invalid

Нысана көздеуден Әлем Кубогында ел қоржынына 4-медаль түсті

Әзірбайжан астанасы Баку қаласында нысана көздеуден Әлем Кубогы өтіп жатыр. Бүгін стенд атудың скит жаттығуында Қазақстан әйелдер құрамасы 6:2 есебімен Таиландты жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама сапында Әсем Орынбай, Рината Нассырова мен Зоя Кравченко бақ сынады.

Айта кетейік, іріктеуде біздің арулар 2-орын алған Германиядан (211 ұпай) небәрі 1 ұпай қалып кетті. Осылайша, финалға шыққан Германия мергендері АҚШ-ты 7:6 есебімен жеңіп, алтын медальге қол жеткізді.

Қазір Қазақстан құрамасының 1 күміс және 3 қола жүлдемен жалпы есепте 20-орында келе жатыр. Осыған дейін Ислам Усейнов 10 метрден пневматикалық мылтықпен нысан көздеуде, сосын стенд атудың трап жаттығуында Виктор Хасянов пен Мария Дмитриенко 3-орынға тұрақтаса, кіші колибрлі мылтықпен 50 метрден нысана көздеу бәсекесінде Қазақстан әйелдер құрамасы 2-орын алды.

Рейтинг үшін ұпай берілетін Әлем Кубогы 7 маусымда мәресіне жетеді. Әзірбайжандағы бәсекеге 65 елден 708 мерген жиналды. Оның ішінде Қазақстан құрамасының 40 атлеті бар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес