
21.01.2025 | 19:55
Бөлісу:
ОЛИМПИАДАЛЫҚ ЕМЕС ТАҒЫ 6 СПОРТ ТҮРІ ТӨРАҒАҒА ЕСЕП БЕРДІ
Бүгін Астана қаласында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналиннің жетекшілігімен Олимпиада бағдарламасына кірмейтін бірнеше спорт түрінің есебін тыңдау жиыны өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бұл жолы WKF каратэ, самбо, шахмат, джиу-джитсу, кикбоксинг, тай боксынан мемлекеттік жаттықтырушы, Ұлттық құраманың бас бапкері, федерация өкілдері мен команда басшылары 2024 жылды қорытындылап, осы жылдың жоспарын таныстырды.
Алғаш болып Руслан Бақыттыұлы бастаған жұмыс тобы бірқатар кешенді жарысқа кіретін WKF каратэ өкілдерінің баяндамасын тыңдады. Қазақстан WKF каратэ федерациясының вице-президенті Болат Хавлахат сөз алып, 2026 жылы өтетін жазғы Азия ойындарына дайындық жоспарын жеткізді. Сары құрлық додасында жүлдеден дәмелі спортшылардың шама-шарқы жайлы айтты. Ал Мемлекеттік жаттықтырушы Майя Баймағанбетова өңірлердегі спорт түрінің даму барысына тоқталды. Оның сөзінше, қазір WKF каратэ секциялары 20 өңірдің 19-ында жұмыс істеп жатыр.
Осыдан кейін кезек спорттық және жауынгерлік самбо федерациясына келді. Ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имаханов былтырғы барлық жарыстағы міндеттемені орындағанын атап өтті. Бұл қатарда Макаодағы Азия чемпионаты (15 алтын) мен Астанадағы әлем чемпионаты (3 алтын) бар.
Самбодан Мемлекеттік жаттықтырушы Асылбек Кәкеновтің биыл Ұлттық құрама Қытайда өтетін Дүниежүзілік ойындарға дайындық жоспары бекітілгенін жеткізді.
Еліміздің шахмат федерациясының өкілдері 2024 жылы бірқатар ауыз толтырып айтарлық нәтиже тіркелгенін жеткізді. Осыдан кейін бас бапкер Павел Коцур әйелдер және ерлер командасының жағдайы, алдағы қатысатын халықаралық жарыстары жайлы айтты. Осы тұста интеллектуалды спорт түрлерінен жаттықтырушыларға қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарастыру жайлы сөз болды.
Сөз алған Мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев пен федерацияның вице-президенті Марат Есенов резерв және өңірлердегі шахмат мектептері жөнінде пікірін ортаға салды.
Ал джиу-джитсудан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Қуат Сағиев Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы Нұржан Батырбеков пен күміс жүлдегері Галина Дуванованың арнайы бағдарламамен дайындалып жүргеніне тоқталды. Әлімжан Баймағамбетовтің сөзінше, Нұржан Қытайдағы Азиададан соң әлем чемпионатында 2 түрлі санатта алтын алып, халықаралық деңгейде ерекше көрсеткіш тіркеген.
Сондай-ақ кикбоксингтен бас бапкер Қайрат Смағұлов, Мемлекеттік жаттықтырушы Нұрболат Рысмағамбетов және Қазақстан тай боксы федерациясының президенті Фархат Аманқұловтың есебін тыңдау кезінде төраға өңірлердегі федерация бөлімдері бір ізге түсетінін назар аударды.
«Енді облыс пен ірі қалалардағы спорт федерациялары толық орталықтандырылады. Олар республикалық федерацияның филиалы ретінде қызмет етуі керек. Осы мақсатта заңға тиісті түзетулер енгізілді. Биыл олимпиадалық емес спорт түрлерін Дүниежүзілік ойындар, ТМД елдері ойындары мен жауынгерлік өнер ойындары сынды кешенді жарыстар күтіп тұр. Біздің мақсат – осы сындарда жоғары нәтиже көрсету. Осы бағытта барынша белсенді жұмыс істеуге шақырамын»,-деді Руслан Есеналин.
Бүгін есеп беруге Министрлікке бағынысты бірқатар мекеменің басшылары қатысты. Олар Ұлттық құрамалардың арнайы дәрігер мамандармен, допинг сынамаларын тапсыруына қатысты сұрақтарға жұмыс барысында жауап беріп отырды.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: