30.05.2023 | 22:51

Оралбай Жақсымбетов VI жазғы Спартакиаданың ресми ашылуында ант беру рәсіміне қатысты

Бүгін жазғы спорт түрлерінен VI Спартакиаданың салтанатты ашылуында бәсекенің әділ өтуіне Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов ант берді. Ал алауды бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов тұтатты.

Спартакиада бағдарламасындағы жарыстар биыл ақпан айында басталған. Ең мықтылары спорттың 27  түрінен сынға түсіп, анықталады.

Әулиеата өңірінде осы аралықта 3 спорт түрінен жарыс өтпек. Олар: волейбол (25 мамыр мен 4 маусым), дзюдо (30 мамыр мен 3 маусым), су добы (29 мамыр мен 4 маусым).

Спартакиада аясында бүгінге дейін 12 спорттан үздіктер анықталды. Олар: грек-рим, еркін және әйелдер күресі, үстел теннисі, велотрек, семсерлесу, спорттық гимнастика, қол добы (әйелдер), батуттағы гимнастика, бокс (әйелдер), көркем гимнастика, баскетбол (ерлер).

Қазір барлық 20 өңірдің ішінде Алматы облысы көш бастап келе жатса, одан кейінгі сатыда Шымкент пен Астана спортшылары тұр.

VI жазғы Спартакиаданың бас төрешісі – Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев. Ал бас хатшысы – СДД спорт жарыстарын өткізу бөлімінің маманы Асқар Қадыров.

Анықтама:

Атлеттер додасы мемлекеттік егемендік туралы декларация мен «ҚР-ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық Заңның 10 жылдығына арналып, алғаш рет 2001 жылы ұйымдастырылған. Ал ресми ашылуы 24 маусымда бірқатар орталық мекеменің қатысуымен астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда болған. Алдыңғы, V Спартакиадаға дейін бағдарламаға олимпиадалық емес бірқатар спорт түрлері де кірген. Биылдан бастап басымдық тек Олимпиада бағдарламасындағы спорт түрлеріне беріле бастады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес