25.07.2022 | invalid
Бөлісу:
Орегон - Қазақстан үшін жеңіл атлетикадан ең табысты әлем чемпионаты
АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында жеңіл атлетикадан XVIII Әлем чемпионаты аяқталды. Он күн бойы «Хейворд Филд» атындағы стадионда 192 елден келген 2 мыңға жуық таңдаулы атлет кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде жарыс қожайындары жалпы есепте 1-орын алды. Құрама штат спортшылары 13 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль еншіледі. Одан кейін тура 10 жүлдеге қол жеткізген Африка құрлығының 3 мемлекеті тұр. Олар:
Эфиопия – 4 алтын, 4 күміс, 2 қола. Бұл Эфиопияның әлем чемпионаттарында көрсеткен ең жақсы нәтижесі. Бұған дейін олар 5-6-орыннан жоғары көтеріліп көрмеген.
Ямайка – 2 алтын, 7 күміс, 1 қола. Желаяқтар отаны саналатын аталған ел көбіне бестіктен төмен сырғыған емес. Ал 2015 жылы Қытайдан Кениядан кейін 2-орынға жайғасқаны бар.
Кения – 2 алтын, 5 күміс, 3 қола. Олар 2005 жылдан бері мұндай нашар нәтиже көрсетпеген еді. Кейінгі 7 әлем чемпионатында Кения атлеттері үздік үштіктен тыс қалмаған.
Қазақстанның тарихи нәтижесі
Ал 10 бағдарламада 12 спортшы апарған Қазақстан құрамасы жалпы есепте 22-орыннан көрінді. Бұл егемендік алған жылдардағы ең үздік көрсеткіш.
Орегонда 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруде Нора Джеруто жеңіп алған алғашқы алтын жүлдеден бөлек, 400 метрге жүгіру сынында Михаил Литвиннің әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған алғашқы қазақстандық атлет екенін атап өтуге болады.
Ал биікке секіруден финалда өнер көрсеткен Надежда Дубовицкая медальге қол жеткізе алмағанымен, 196 сантиметрге секіріп, 8-сатыдан көрінді. Жалпы Надежда Дубовицкая биікке секіруден әлем чемпионатының финалына шыққан 3-қазақстандық атлет. Бұған дейін тек Светлана Залевская (1999 ж) мен Марина Аитова (2007 ж) жүлде жолында шеберлік байқасқан.
Сондай-ақ, 35 шақырымға спорттық жүрістен жарыс жолына шыққан Галина Якушева 2:54:50 нәтиже көрсетіп, ел рекордын орнатты.
Бізбен қатар жалып есепте Багам аралдары, Франция, Португалия, Морокко, Катар, Словения мен Венесуэланың қоржынында бір алтын медальдан бар.
Қазақстанның осыған дейінгі әлем чемпионатындағы көрсеткішіне шолу.
Еліміз алғаш рет 1993 жылы Германияның Штутгарт қаласында өткен 4-әлем чемпионатына спортшы аттандырды. Содан бері 8 медальге (3 күміс, 5 қола) қол жеткізді. Ең көп жүлде жеңіп алған атлет – Ольга Рыпакова (1 күміс, 2 қола). Одан кейін Ольга Шишигина (1 күміс, 1 қола) мен Дмитрий Карпов (2 қола) тұр. Барлық жүлдегер:
Ольга Рыпакова 2015 жылы Бейжіңде және 2017 жылы Лондонда – қола. 2011 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында – күміс.
Дмитрий Карпов 2007 жылы Осакада (8586 ұпай) және 2003 жылы Парижде қола медаль алды (8374 ұпай). 2003 жылы 40-орын, 2007 жылы 36-орын.
2001 жылы Канаданың Эдмонтон қаласында Ольга Шишигина қола медаль иегері атанды (100 метрге кедіргілер арқылы жүгіру, уақыты 12.58 секунд). Жалпы есепте 36-орын.
1995 жылы Швецияның Гетеборг қаласында Ольга Шишигина күміс медаль жеңіп алды (100 метрге кедіргілер арқылы жүгіру, уақыты 12.80 секунд). Қазақстан жалпы есепте 29-орында.
1993 жылы Германияның Штутгарт қаласы. Григорий Егоров күміс медаль (сырықпен секіру, 5.90 метр). Жалпы есепте 23-орын.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықДЕЙЗИ ДЖЕПКЕМЕЙ ФИНАЛДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ
НОРА ДЖЕРУТО ФИНАЛДА ҮЗДІК ОНДЫҚҚА КІРДІ
ПАРИЖ-2024: ДАВИД ЕФРЕМОВ ФАЛЬСТАРТ ЖАСАДЫ