15.10.2024 | 15:27
Бөлісу:
PAVLODAR OPEN: ТУРНИРДЕ 200-ДЕН АСТАМ ШАХМАТШЫ БАҚ СЫНАЙДЫ
13 қазанда Павлодарда 17 елден келген танымал гроссмейстерлер мен халықаралық шеберлерді жинаған Pavlodar Open 2024 халықаралық шахмат турнирі басталды.
Сайысты KazChess/ Қазақстан шахмат федерациясы Павлодар облысы әкімдігінің және федерацияның бас серіктесі Freedom Holding Corp. пен «HaGi Павлодар» компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.
Бұл турнир жақында 2024 жылғы Қазақстан Кубогының екінші кезеңі – Өскеменде аяқталған Oskemen Open турнирін жалғасы ретінде өтіп Кубоктың үшінші кезеңі болып саналады.
21 қазанға дейін швейцариялық жүйе бойынша өтетін 10 турда шахматшылар екі турнирде бақ сынасады: «Masters» турниріне рейтингі 1900-ден төмен емес 90-нан астам спортшысы және «Open» жарысына рейтингі 2100-ден аспайтын 116 ойыншы қатысады.
«Қазақстан шахмат федерациясы мақсаттарының бірі - еліміздің барлық өңірінде ірі халықаралық шахмат турнирлерін өткізу. Мұндай ашық турнирлердің сериясы дәстүрге айналды деп айтуға болады. Олардың жоғары деңгейдегі қатысушылар құрамы қазақстандық шахматшыларға бірегей жарыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беріп, халықтың шахматқа деген қызығушылығын арттырады. Pavlodar Open – осы стратегияның жүзеге асуы мен федерация, жергілікті атқарушы органдар және бизнес-қоғамдастық арасындағы нәтижелі ынтымақтастықтың жарқын үлгісі», – деп атап өтті KazChess президенті Тимур Турлов жарыс басталар алдында.
Павлодарда 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық турнирдің алдында ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, KazChess вице-президенттері Марат Есенов, Александр Бабенко, Бикет Жароков, федерацияның Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Артур Шпейзер, сондай-ақ басқарма өкілдері мен ойыншылар қатысты.
«Masters» турниріне 21 гроссмейстер мен 15 халықаралық шебер қатысады, соның ішінде: былтырғы Кубок жеңімпазы армениялық Мануэль Петросян (2631) мен Арам Акопян (2617), қытайлық Бай Цзиньши (2549), Aktobe Open-нің былтырғы жеңімпазы ирандық Бардия Данешвар (2698), Өзбекстан құрамасы сапында 2022 жылғы Олимпиада чемпионы Джахонгир Вахидов (2571) пен үндістандық гроссмейстер Сурья Шехар Гангули (2598) және тағы басқалар бар.
Сондай-ақ, Мажарстан астанасы Будапеште өткен 45-ші шахмат Олимпиадасында жақсы нәтиже көрсеткен Қазақстан ерлер құрамасының 3 ойыншысы қатысады: Денис Махнёв (2551), Әлішер Сүлейменов (2484) және Алдияр Ансат (2457). Сонымен қатар, бұрынғы жылдары Ұлттық құрама сапында көп ойнаған Муртас Қажғалеев (2481), Жандос Ағманов (2458) және шілдеде Астанадағы «Masters» турнирінде жеңіске жеткен Азамат Өтегалиев (2418) ойнайды.
Masters сайысында жігіттермен бірге Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншылары Алуа Нұрман (2356) және Әсел Серікбай (2237), сондай-ақ өзбек шахматының жаңа жұлдызы Афруза Хамдамова (2330) бақ сынайды.
«Masters» турнирінің жалпы жүлде қоры – 24 млн теңге, оның ішінде жеңімпазға 5 млн теңге, 15-ші орын алғанға – 400 мың, әйелдер арасындағы үздік нәтиже үшін 1 млн. теңге қарастырылған. «Open» турнирінің жүлде қоры – 4,5 млн теңге: 1-ші орынға – 1 млн теңге, әйелдер мен ардагерлер арасындағы үздік нәтижеге (1964 ж.т. және одан үлкен) – 200 мың, 10 және 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы үздік нәтижеге 150 мың.
2024 жылғы Қазақстан кубогының бірінші кезеңі – Владимир Дворкович Мемориалы – Aktobe Open 2024 сайысы мамыр айының аяғында Ақтөбеде өткен. Кубоктың қорытындысы қарашаның ортасында Алматыда нокаут жүйесі бойынша өтетін финалда белгілі болады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықБИБІСАРА АСАУБАЕВА ГРАН-ПРИ СЕРИЯСЫНДА КӨШ БАСТАДЫ
БИБІСАРА АСАУБАЕВА ГРАН-ПРИ КЕЗЕҢІНДЕ ТАҒЫ ЖҮЛДЕ ЖЕҢІП АЛДЫ
FIDE GRAND PRIX SERIES: БИБІСАРА АСАУБАЕВА 4-ОРЫНҒА СЫРҒЫДЫ
ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ