22.04.2023 | 19:24

​Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжі өз атағын қорғап қалды

Бүгін Талдықорған қаласындағы «Жастар» сарайында спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Кубогының жеңімпазы анықталды.

Осымен 2-рет ұйымдастырылған бәсекеде Астана қаласының Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі үздік шықты. Олар финалда дзюдо, грек-рим, таеквондо мен бокстан басым түсіп, былтырғы атағын қорғап қалды. Ал Жетісу облысының Жақсылық Үшкемпіров атындағы Олимпиада резервінің облыстық мектеп-интернат-колледжі бұл текетіресте тек еркін күрестен ғана алда болды.

Ал қола жүлдеге Жамбыл облысының мектеп-интернат-колледжі ие болды. Олар бокс, таеквондо мен еркін күрестен жеңіске жетсе, қалған грек-рим күресі мен дзюдо бәсекесі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатының (Түркістан облысы) пайдасына шешілді.

Биыл Кубоктың жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Жеңімпаз 5 миллионға ие болса, 2-орынға үш, қола медаль алған командаға 2 миллион беріледі.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спорт резерві басқармасының басшысы Аманбай Нұрмұханбетов, Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, Жетісу облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл марапаттады.

«Бұл бәсекенің діттегені - дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасап, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Араларыңызда көбіңіз ертеңгі Ұлттық құрама өкілісіздер. Біз сіздерге зор сенім артамыз. Халықаралық жарыстарда жүлделі болып, жанкүйерлерімізді қуантқандарыңызды қалаймыз. Осы жарыс аталған даңғыл жолда тәжірибе жинауға зор септігін тигізеді деп ойлаймын»,-деп айтты финал қарсаңындағы командалар шеруінде Аманбай Нұрмұханбетов.

Айта кетейік, биыл 17 спорт оқу ордасынан келген 450-ден астам жасөспірім дзюдо, бокс, таеквондо, грек-рим және еркін күрестен сынға түсті. Таеквондо жарыс бағдарламасына алғаш рет қосылды. Оның ішінде бокста 7, қалған спорттан 5 салмақта жеңімпаз анықталды. Биыл 2007-2008 жылдары дүниеге келген шәкірттер бақ сынады.

Барлық команда іріктеуде 4 топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездесті. Әр топта 1-орын алған оқу ордасы ғана жартылай финалға жолдама алған. Сосын, А мен С тобының, тағы В мен D тобының үздігі ақтық сынға шығу үшін таласты.

Анықтама: Кешенді жарысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады. Былтыр іріктеуі 4 қалада, ал финалы Астанада өткен алғашқы жарыста Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі чемпион атанған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес