
03.06.2025 | 16:53
Бөлісу:
ҚАРАҒАНДЫДА ТРАНСПЛАНТАЦИЯ ЖАСАҒАН АЗАМАТТАР МЕН ДИАЛИЗ ЕМІНЕ ЖҮГІНЕТІН ПАЦИЕНТТЕР АРАСЫНДА ЖАРЫС ӨТЕДІ
9-13 маусым аралығында Қарағанды қаласында трансплантация жасаған азаматтар мен диализ еміне жүгінетін пациенттер арасындағы VI республикалық жарыс өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Дәстүрлі турнирге мына жас санатындағы азаматтар қатысады: 18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас және 60+.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер волейбол, жүзу, үстел теннисі, дартс пен боулингтен анықталады.
Жыл өткен сайын жарысқа қатысушылар саны көбейіп келеді. Мәселен, 2023 жылы Ақтөбе қаласындағы іс-шарада республикамыздың 9 өңірінен 100-ден астам адам шеберлік байқасқан. Ал былтыр сайыстар Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешені, «Сарыарқа» велотрегі мен бірқатар нысанда өтіп, оған 12 өңірден барлығы 130 әуесқой спортшы жиналған.
Бұл жарыстың мақсаты – трансплантация жасаған және диализ еміне жүгінетін азаматтарды спортқа тарту, олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар Дүниежүзілік жазғы трансплант ойындары сынды халықаралық жарыстарға баратын команданы жасақтау.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: