07.05.2025 | 17:16

ҚАЙСАР НҰРМАҒАМБЕТОВ: «СПОРТШЫЛАРЫМЫЗДЫҢ КҮШІ БӘРІНЕ ЖЕТЕДІ»

Байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионатының қарсаңында Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне жарыс жайлы пікір білдірді.

«Азия чемпионатына дайындық, барлық оқу-жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті. Кімнің қай қашықтықта кіммен шығатынын сол кезде белгілеп алдық. Осында келгелі бірнеше өзгеріс болды. Байдаркадан төрт адамдық микске Игорь Ряшенцевтің орнына Кирилл Тубаевты қостық. Осында келгелі Тубаевтың қарқыны жақсы. Ал Ряшенцев 200 метрге жекелей сында жарысады».

Ауа райы жайында...

«Наньчанда ауа райы күн сайын құбылып тұр. Бұл біздің спортта нәтижеге тікелей әсер ететін жайт. Кеше жел қарсы алдымыздан тұрса, бүгін ту сыртымыздан соғып, жақсы көмектесіп тұр. Ертең қалай боларын бақылап отырамыз».

Қарсылас командалар туралы...

«Жарыс қожайыны Қытай жақсы дайындалған. Мықты құрам қойыпты. Арасында бірнеше дүркін Олимпиада, Азия ойындарының чемпионы, жүлдегерлері бар. Жасыратыны жоқ, Қытай - әлемдегі ТОП-5 команданың бірі. Ал Иран, Өзбекстан, Оңтүстік Корея мен Жапония біздің деңгейіміздегі құрамалар. Осыған дейін оларды бірнеше рет жеңгенбіз. Бұл жолы да спортшыларымыздың шамасы бәріне жетеді деп ойлаймын».

Айта кетейік, Азия чемпионаты Наньчан қаласында (Қытай) ертең басталып, 11 мамырда аяқталады. Биыл жарысқа 20 елден спортшылар қатысады.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес