11.05.2025 | 21:12

QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM 2025: ҚАЗАҚ ДЗЮДОШЫЛАРЫ  ТОҒЫЗ МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Бүгін Астана қаласында дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Әлемдік доданың басты қонағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Мемлекет басшысымен бірге трибунада Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер мен Олимпиада чемпионы Елдос Сметов те жарысты тамашалады.

Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола медаль еншілеп, жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Бұл — еліміз үшін Үлкен дулыға турниріндегі медаль саны жағынан рекорд.

Жүлдегерлер тізімі:

Ғұсман Қырғызбаев — күміс (-66 кг)

Ерасыл Қажыбаев — күміс (+100 кг)

Талғат Орынбасар — күміс (-60 кг)

Мағжан Шамшадин — қола (-60 кг)

Аман Бақытжан — қола (-60 кг)

Абылайхан Жұбаназар — қола (-81кг)

Есет Қуанов — қола (-73 кг)

Бақжан Байтас — қола (-100 кг)

Марат Байқамұров — қола (-100 кг)

 Жалпы медаль кестесінде 3 алтын, 2 күміспен IJF құрамасы 1-орын еншілесе, 3 алтын медальмен Оңтүстік Корея құрамасы – 2-орынға, ал 3-орынға 2 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдемен Жапония жайғасты.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен жарысқа әлемнің 44 елінен 358 спортшы қатысып, 14 салмақта бақ сынады. Қатысушылар арасында Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншілігінің жеңімпаздары да бар. Спортшылар үшін бұл жарыс әлем чемпионатының алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі екенін айта кеткен жөн.

 Еске сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады. 

Биыл Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы елімізде үшінші рет өтті. Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес