12.01.2024 | 13:17

Қазақстан хоккейі 67 жылдығын атап өтіп жатыр

1957 жылдың 12 қаңтарында Алматы қаласында қазақ жеріндегі алғашқы ресми хоккей матчы өтті. Сол ойын арқылы алғаш рет шайбалы хоккейден ҚазКСР чемпионаты басталды. Биыл осынау атаулы күнге 67 жыл толды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары хоккей біртіндеп Қазақстан аумағын кеңінен қамтыды. ҚазКСР чемпионаты А және Б санатына бөлінді. Атап айтар болсақ, А санатында Торпедо» (Өскемен), «Автомобилист», «Еңбек» (Алматы), «Булат» (Теміртау), «Автомобилист» (Қарағанды) өнер көрсетті.

Ал Б санатында «Спартак» (Алматы), «Строитель» (Қарағанды), «Горняк» (Рудный), «Авангард» (Петропавл), «Восток» (Өскемен), «Металлург» (Зыряновск), «Иртыш» (Павлодар), «Север», «Строитель» (Жезқазған) командалары ойнады.

Сондай-ақ чемпионатта Алматы, Петропавл, Семей, сол кездегі Гурьев пен Целиноградтан басқа да командалар қатысты.

Тәуелсіз Қазақстан чемпионаты 1992 жылы басталды. Халықаралық деңгейге де біздің хоккей сол кезде шықты, Қазақстан хоккей федерациясы ресми түрде Халықаралық хоккей федерациясына (ИИХФ) кірді. 1993 жылдан бастап алдымен ерлер Ұлттық құрамасы, содан кейін жастар, жасөспірімдер мен әйелдер құрамалары әлем чемпионатына қатыса бастады. 1998 жылы Қазақстан құрамасы алғаш рет Наганодағы Олимпиада ойындарына қатысты. Әзірге Қазақстан үшін ең үздік нәтиже – Олимпиада ойындарының ширек финалы. 2002 жылғы олимпия ойындарында әйелдер құрамасы өнер көрсетсе, ерлер Солт-Лейк-Ситиге жолдама ала алмаған. 2006 жылы Туринде ерлер құрамасы 12 елдің ішінде 9-орынға ие болды.

Биыл тарихта алғаш рет үш бірдей құрама – жасөспірімдер, жастар және Ұлттық құрама әлем чемпионатының элиталық дивизионында өнер көрсетеді. Қазір ИИХФ рейтингінде Қазақстан 15-орында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда Pro Ligasy кәсіби лигасында – 11 команда, Jas жастар лигасында – 12, Qyz қыздар лигасында 6 команда өнер көрсетіп жатыр. Тағы 5000-нан астам әуесқой хоккеймен айналысады және олар Tungy Ligasy әуесқой лигасында ойнайды.

Қазақстанда 9000-ға жуық бала хоккеймен айналысады, оның ішінде 5000-нан астам бала республикалық жарыстарға қатысады. Республиканың балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Мұз ареналарының саны артты, бүгінгі таңда елімізде қарапайым модульдерден бастап көпфункционалды мұз сарайларына дейінгі 47 алаң бар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес