25.08.2023 | 18:46

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды

Бүгін Әзербайжан астанасында өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының Баспасөз қызметі.

Стенд атудың трап бағдарламадасында Мария Дмитриенко мен Даниил Почивалов жұбы аралас командалық сында қола жүлдегер атанды. Олар 150 нысананың 141-ін дәл көздеді. Бас жүлдені тең түскен Португалия мен АҚШ құрамасы сарапқа салған. Бұл тартысты Переней түбегінің өкілдері дәлірек болды.

Осы сында сапында Әлішер Айсалбаев пен Айжан Досмағамбетова бар еліміздің тағы бір құрамасы 21-орынға тұрақтады. Барлығы 46 құрама жүлдеге таласты.

«Стенд атудан Ұлттық құрамамыз кейінгі жылдары халықаралық жарыстарда үнемі жүлделі оралдардан көрініп жүр. Биыл көктемде Алматы қаласында лицензиялық Әлем Кубогының кезеңін өткіздік. Бұл осы спорт түрін елімізде насихаттау жолындағы ауқымды жұмыстың бір көрінісі. Ал бүгін біздің құрамамыз әлем чемпионатының жүлдесіне қол жеткізіп, Бакуде дегеніне жетті. Аралас командалық сында ұздік үштікті түйіндеген Мария Дмитриенко мен Даниил Почиваловты құттықтаймын!»,-деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Келе жатқан Париж Олимпиадасында стенд атудың трап бағдарламасында аралас жұптық сында жүлде сарапқа салынбайды, 2028 жылғы ойындарда болады. Оның орнын скит жаттығуындағы аралас жұптық сын басады.

Айта кетейік, осымен стенд атудан жарыстар аяқталды. Алдағы күндері жылжымалы нысана көздеуден үздіктер анықталады. Әлем чемпионаты 1 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес