28.03.2023 | 15:10
Бөлісу:
Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг Кубогының іріктеуінде Польшамен кездеседі
14-15 сәуір күндері әлемнің 9 қаласында биылғы Билли Джин Кинг Кубогының іріктеу кезең ойындары өтеді. Былтырғы бәсекенің финалында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы Астанада Польша теннисшілерін қабылдайды. 2022 жылы Глазгодағы ақтық сынға қатысқан екі құрама бұған дейін бір-бірімен ойнамаған.
Ярослава Шведова бастаған Ұлттық құрама сапында қазір еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (жекелей сында WTA рейтингінде 7-орында), және Юлия Путинцева (WTA рейтингінде 43-орында), Гозал Айнитдинова (WTA рейтингінде 450-орында), Анна Данилина (WTA рейтингінде 552-орында), Жанель Рустемова бар.
Ал Польша капитаны Давид Цельт бұл жолы әлемнің 1-ракеткасы Ига Швёнтекке сенім арта алмайды. Ига биыл Дохадағы турнир кезінде алған жарақатын Индиан-Уэллсте асқындырып алуына байланысты бірқатар ірі бәсекеге қатыса алмайтынын жеткізді. Бұл қатарда Майамидегі WTA 1000 санатындағы турнир мен Билли Джин Кинг Кубогы ресми айтылды. Қарсылас сапындағы қалған теннисшілер тізімі мынадай: Магда Линетт (жекелей сында WTA рейтингінде 19-орында), Магдалена Френх (WTA рейтингінде 105-орында), Вероника Фальковска (WTA рейтингінде 254-орында), Алисия Росольска.
Бір-бірімен кездесетін қалған елдер: Испания-Мексика, Украина-Чехия, Ұлыбритания-Франция, Канада-Бельгия, АҚШ-Аустрия, Словакия-Италия, Германия-Бразилия, Словения-Румыния.
Іріктеуде жеңіске жеткен құрамалар 2023 жылғы финалға жолдама алады. Қазір онда былтырғы жеңімпаз Швейцария мен финалист Аустралия қарсыласын күтіп тұр. Ал жеңілген құрамалар биыл қарашада плей-офф сатысында бақ сынайды.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықWTA FINALS: ЕЛЕНА РЫБАКИНА АРИНА САБАЛЕНКАМЕН ОЙНАЙДЫ
ДЭВИС КУБОГЫ: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ДАНИЯДАН ЖЕҢІЛІП ҚАЛДЫ