11.11.2022 | invalid

Қазақстандық самбошылар Әлем чемпионатының алғашқы күні 4 медаль жеңіп алды

Бүгін Қырғызстан астанасы Бішкекте самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионаты басталды. Биыл бәсеке 52 елдің басын қосты. Алғашқы жарыс күні 7 салмақтың жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды. Ал Ұлттық құрама еншісінде 2 күміс, 2 қола бар.

Қайырберді Айдынбай (58 кг) алғашқы жекпе-жегінде қырғызстандық Нұрғазы Жанбосыновқа еш мүмкіндік берген жоқ. Ал 2-кездесуде жапон Генки Бабаны, ізін ала өзбекстандық Достон Рузаевты жеңді. Финалда қазақстандық самбошы ресейлік Саян Хартекті ұтып тұрған, алайда соңғи минутта қателік жасап, алтыннан айырылып қалды.

Былтыр Ташкентте өткен жаһан додасының жеңімпазы Гүлдана Әлмұхамбетова (-54 кг) жартылай финалға дейін дейін қарсылас шақ келтірген жоқ. Моңғолиялық Номинтуя Енхбатарды, қырғызстандық Аяна Рысқұлбекованы сенімді жеңді. Алайда кейінірек топ жарған беларусь Алина Купаеваның мықты екенін мойындауға мәжбүр болды. Қола медаль жолында өзбекстандық Угилхон Кенжебоевадан басым түсті.

Сондай-ақ самбодан Есентай Имаханов (64 кг) пен Маргарита Бажаева (50 кг) жартылай финалда сүрініп, қола медаль үшін таласқан. Алайда екеуінің де жолы болмады. Есентай іріктеуде филиппиндік Кресент Наваресті, қырғызстандық самбошыны ұтқан. Ал Маргарита алғашқы айналымда косто-рикалық Джессика Перезді, сосын моңғол қызынан айласын асырды.

Жауынгерлік самбо:

Асылбек Смайылов (79 кг) алғашқы жекпе-жегінде марокколық Бадреддин Дианиді ұпай санымен жеңіп (3:2), кейін жаңа зеландиялық Гусь Барриер мен өзбекстандық спортшыны нокаутқа түсірді. Ақтық сында жарыс қожайыны Даирбек Каряев қазақстандық жолын тағы кесті. Айта кетейік, биыл Азия чемпионатында Асылбек қызғыз самбошысына есе жіберген.

Райхан Мәди (98 кг) армениялық Арман Авенесяннан басым түскенімен, жартылай финалда Виктор Немковтан жеңіліп қалды.

Марапаттау рәсімі кезінде Халықаралық самбо федерациясының (FIAS) президенті Василий Шестаков 3 дүркін әлем чемпионы Асхат Шаһаров және өзге де самбошыларды тәрбиелеген білікті бапкер Асылбек Құлмағамбетті арнайы марапаттады.

Айта кетейік, ертең спортшылар тағы 7 салмақта сынға түседі. Барлығы 21 салмақ. Әлем чемпионаты 13 қарашада аяқталады. Чемпиондар 4 мың, күміс жүлдегерлер 3 мың, қола медаль иеленгендер 2 мың АҚШ долларынан алады.

Есіңізге сала кетейік, алдыңғы Әлем чемпионатын былтыр 12-14 қараша аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласы қабылдаған. Барлығы 50-ге жуық елдің спортшысы бақ сынаған сында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен Ресейден кейін екінші орын алған.

Атап айтар болсақ, әйелдер құрамасы – екінші (бір алтын, екі күміс), ерлер құрамасы – төртінші (бір алтын, екі қола), жауынгерлік самбо құрамасы – төртінші (бір күміс, екі қола) орыннан көрінді.

Суреттердің авторы - Шамкен Байырбек.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес