04.06.2023 | 17:59

Қазақстандық шахматшылар Азия чемпионатында блицте жеңіске жетті

Бүгін Алматы қаласында шахматтың блиц түрінен Азия чемпионаты аяқталды. Бұл шахматтың ең жылдам нұсқаларының бірі: спортшыға бүкіл партияға 3 минут беріледі, және әрбір жүріске 2 секундтан қосылады.

Тоғыз раундтың қорытындысы бойынша қажырлы күресте қазақстандық спортшылар жеңіске жетті. Ашық блиц-турнирде Семей қаласынан келген FIDE шебері, 20 жастағы Арыстан Исанжолов чемпион атанды (стандарт рейтингі 2408, блицтегі рейтингі – 2450). Үндістаннан келген шахматшы Венкатеш Пранав екінші, ал жерлесіміз Денис Махнев 3-орынды иеленді.

Әйелдер арасындағы жарыста алтын әйелдер арасындағы халықаралық шебер, 18 жастағы алматылық Ксения Балабаеваға бұйырды (стандарт рейтингі 2186, блицтегі рейтингі 2113).

Күмісті Үндістан спортшысы Дивья Дешмух, қоланы моңғол шахматшысы Турмунхийн Мунхзул жеңіп алды. Блиц бойынша чемпионат Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтіп, 20-ға жуық елден келген 116 шахматшының басын қосты.

Біздің жеңімпаздарымыз атағы жоғарырақ барлық қарсыласын жеңді – турнирге қатысқан 37 ойыншының блицтегі рейтингі 2300-ден жоғары, оның алтауының рейтингі 2500-ден жоғары.

Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова айтқандай, дәстүр бойынша блицтен жыл сайынғы чемпионат Азияда классикалық жарыспен қатар өткізіледі. Былтыр құрлық шахматшылары арасындағы блицте алтын Қазақстанға бұйырған. Нақтырақ айтар болсақ, бірінші орынды Ринат Жұмабаев иеленген.

Дәстүр бойынша турнир бірінші жүріс рәсімімен ашылды. Мұндай құрметті құқық Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовқа, федерацияның вице-президенті Марат Есеновке берілді. Сондай-ақ раундтардың бірінде алғашқы жүрісті Азия шахмат федерациясының бас хатшысы Хишам Әл-Тахер жасады.

Турнирдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp. Ұйымдастырушылар – Алматы қаласының әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚШФ, Азия шахмат федерациясы, FIDE. Жарыстың серіктестері – Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес