03.03.2024 | 14:22

Қазақстандықтар Қазанда «Болашақ ойындарын» өткізу тәжірибесін зерттеп жатыр

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің және Қазақстан киберспорт федерациясының делегациясы Ресейдің Қазан қаласында өтіп жатқан І «Болашақ ойындарына» жұмыс сапарымен барды. Бұл жайлы ҚР ТМС Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлайды.

Іс-сапар аясында қазақстандықтар ойындардың басым бөлігін қабылдаған «Қазан ЭКСПО» орталығын аралады. Мұнда аренаның ұйымдастыру және технология мүмкіндіктерімен танысып, халықаралық байқаушылар командасына арналған презентацияға қатысты. Спикерлер арасында Халықаралық хоккей федерациясының бұрынғы президенті Рене Фазель бар. Ол қазір ойындардың елшісінің бірі. Фиджитал (спорттық және цифрлық шешімдер) форматында өтіп жатқан тарихтағы алғашқы халықаралық мультиспорт турнирін ұйымдастырушылармен кездесуде келген тараптарға жарыстың қыр-сырын егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл қатарда ойындар жобасының жетекшісі Игорь Столяров та бар.

Қазір Татарстан астанасына әлемнің 104 елінен барлығы 260 команда (2000-нан астам қатысушы) жиналды. Жарыс 5 топқа немесе спорт, стратегия, тактика, технология, жылдамдық сын-қатерлері сынды бөлікке кіретін 21 бағдарлама бойынша жалғасып жатыр. Бұл қатарда 48 қазақстандық 13 бағытта қатысты. Олар: Dota2, фиджитал-хоккей, фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, дрондар жарысы, Роботтар шайқасы, Warface және т.б.

Қазақстанның xgod командасы Counter-Strike 2 және лазерлік тег бойынша жеңімпаз атанды.

«Біздің ойыншылар бұған дейін Counter-Strike бойынша түрлі беделді жарыстарда жеңіске жеткен. Біздің «кейсерлер» әлемде жоғары тізімде. Бұл жетістік кездейсоқ емес, болашақта жаңа жеңістерге үміттенеміз», - деп атап өтті ҚР киберспорт федерациясының спорт директоры Дастан Кәрім.

Есіңізге сала кетейік, 21 ақпанда Қазанда өткен ойындардың ашылуы рәсімі аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге Қазақстанда осындай жарыс өткізуді ұсынған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес