03.02.2023 | 19:27

Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасын балуандар бастады

Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында еліміздің VI жазғы Спартакиадасы бозкілем шеберлерінің бәсекесімен басталды.

Төрт жылда өтетін, ел ішіндегі Олимпиада аталып кеткен жарыс әр спорт түрінен биылғы Қазақстан чемпионатының орнын басады.

Балуандар додасының ашылуы рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов пен Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Владимир Котельников қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Самат Ерғалиев өз сөзінде Спартакиада Ұлттық құраманы күшейтуге мүмкіндік беретін жарыс екенін атап өтіп, жанкүйерлер биыл ірі додаларда балуандардан жақсы нәтиже күтетінін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласына көп көңіл бөліп келеді. Бүгінгі бәсеке соның бір көрінісі. Осы жарысты жоғары деңгейде өткізіп жатқан Алматы қаласының әкімдігі мен федерацияға алғыс айтамын. Бұл Спартакиаданың маңызы зор. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ұлттық құрамаға қосылып, биылғы халықаралық жарысстарда ел намысын қорғайды», -деді комитет төрағасы.

Биылғы бәсекеде сынға түсетін спортшының бірі Алмат Кебіспаев. Әлем чемпионының 5 дүркін жүлдегері атанған ол 2 жылғы үзілістен кейін кәсіби спортқа қайта оралып жатыр. Қазақ күресіндегі олжалы балуан өз шешімі жайлы былай дейді:

«Екі жылдай бапкерлік қызметте болдым. Осы Спартакиадада бағымды сынап көремін. Ертең жеребеден соң кіммен күресетінім анықталады. Бұл салмақта (67 кг) бұрыннан келе жатқан және жастар арасынан шыққан қарсыластар жетерлік. Мақсатым - Қазақстан Спартакиадасында топ жару. Қалған жоспарды содан кейін ойластыра жатамыз. Бүгінгі кездесулерден байқағаным: мұнда оңай қарсылас жоқ. Тартысты жекпе-жектер көп»,-деді Алмат Кебіспаев.

Ашылу рәсімінен кейін грек-рим күресінен 5 салмақтағы жүлдегерлер анықталып жатыр. Қалған 5 салмақтағы жеңімпаз бен жүлдегерлер ертең анықталады. Жалпы күрестен 3 қала мен 17 облыстан 650-ге тарта спортшы жиналды. Күрес түрлерінен Спартакиада 8 ақпанда аяқталады.

Балуандар сайысын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес