30.09.2024 | 11:12

ҚОЛ ДОБЫ: «ҚАЙСАР» КЛУБЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Алматы қаласында өткен қол добынан әйелдер клубтары арасындағы Азия чемпионатында «Қайсар» командасы топ жарды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

«Достық» спорт  кешенінде барлығы 5 клуб кім мықтыны анықтады: «Қайсар», «Достық» (екеуі де Қазақстан), «Узбечка» (Өзбекстан), «Голден Иглз Бхарат» (Үндістан), «Әл-Құрайн» (Кувейт).

Әуелі 5 клуб айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен ойнап шығып, жартылай финал жолдамасына таласты. Жартылай финалда «Қайсар» «Узбечка» клубын 40-16 есебімен, ал «Достық» «Голден Иглз Бхаратты» 31-26 есебімен жеңді. Финалда «Қайсар» қарсыласынан 45-23 есебімен айласын асырды.

Осылайша, «Қайсар» командасы 3-рет құрлық жеңімпазы атанды (2016, 2019 және 2024 жылы). Сонымен қатар олар 2 рет күміс жүлдеге ие болған. Ал «Достық» гандбол клубы өзі қатысқан алғашқы Азия чемпионатында 2-орыннан көрінді.

Злата Звягина («Қайсар») 54 гол салып, үздік сұрмерген атанды. Вероника Хардина («Қайсар») чемпионаттың үздік ойыншысы, Жаннат Айтенова («Достық») үздік қақпашы атанды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес