29.03.2025 | 16:47

РИЗАБЕК АЙТМҰХАН 2 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЕСЕСІН ҚАЙТАРЫП, ФИНАЛҒА ШЫҚТЫ

Ризабек Айтмұхан Иордания астанасында өтіп жатқан еркін күрестен Азия чемпионатының ақтық сынына шықты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ол 97 кг дейінгі салмақтың жартылай финалында U20 санатында 2 дүркін Азия чемпионы, ирандық Мұхаммадмобин Голамәли Азимиді жығып, осы Амман бозкілемінде кеткен есесін қайтарды. Есеп: 2-0.

Екі палуан 2023 жылы тамызда Иордания астанасында U20 жас санатындағы сары құрлық бәсекесінің финалында күш сынасқан. Аса шиеленісті белдесу 4-5 есебімен ирандықтың пайдасына аяқталған.

Кешке Ризабектің финалдағы қарсыласы Араш Йошида (Жапония) немесе Абусайман Қабила (Қытай) болмақ. Еске сала кетейік, Ризабек 2023 жылы Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болған.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес