06.05.2023 | 10:09

Садақшылар Азия Кубогының кезеңінде 4 жүлдеге қол жеткізді

Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкентте садақ атудан Азия Кубогының 2-кезеңі аяқталды. Ұлттық құрама мергендері 5 күнге созылған сында 2 күміс, 2 қола медальге ие болып, жалпы есепте Үндістан мен Қытайдан кейінгі 3-сатыға тұрақтады.

Әуелі құралмалы садақпен (Compound bow) нысана көздеуден еліміздің әйелдер құрамасы финалда Үндістанға есе жіберді. Құрама сапында Эльмира Раисова, Айжан Сейдахметова, Адель Жексенбинова бақ сынады. Осыдан кейін тағы бір ақтық сында Сергей Христич пен Адель Жексенбинова жұбы үндістандық спортшыларға жол беріп, күміс жүлде алды.

Ал классикалық садақ атудан (Olympic or Recurve bow) жекелей бағдарламада Денис Ганкин қола медаль алса, Қазақстан ерлер құрамасы (Санжар Ержанұлы, Денис Ганкин, Александр Еременко) Өзбекстанды жеңіп үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, садақ атудан сары құрлық Кубогының алғашқы кезеңі наурыздың ортасында Қытайдың Таоюань қаласында өткен. Онда Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс пен 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Келесі 3-кезең 5-10 маусым аралығында Сингапурда болады. Одан кейін құрлықтың таңдаулы мергендері үшін басты бәсеке – Қытайдағы Ханчжоу қаласындағы жазғы Азия ойындары.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес