12.11.2022 | invalid

Самбошылар Әлем чемпионатының 2-күні 3 жүлдеге ие болды

Бүгін Қырғызстан астанасы Бішкекте самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионатының 2-күні өтті. Қазақстан құрамасының спортшылары 7 салмақтың үшеуінде жүлдеге қол жеткізді.

Осы жолы көптеген жанкүйер мен бапкерлер қосыны Ұлттық құрама көшбасшысы Ділдәш Құрышбаевадан (72 кг) алтын күткені жасырын емес. Алайда қазақстандық самбошы ширек финалда 2020 жылғы әлем чемпионы, румын Ольга Малейкадан жеңіліп қалды. Ал қола медаль үшін жекпе-жекте өзбекстандық Мохигүл Комилжанованы таза ұтты. Бұл Ділдәш Құрышбаеваның әлем чемпионатындағы 8-жүлдесі. Әзірге оның үшеуі күміс, бесеуі қола.

Бұл салмақта ресейлік Олеся Посылкина топ жарса, Ольга Малейка күміс, Ділдәш пен Анжела Жилинская (Беларусь) қола жүлдегер атанды.

Ал 71 келіде сынға түскен Арнұр Қуатай ресейлік Шамиль Зилфукаровқа есе жіберіп, финалға шыға алмады. Алайда жапониялық Шото Отсуканы таза жеңіп, үздік үштікті түйіндеді.

Жауынгерлік самбодан 58 келіге дейінгі салмақта Мирас Уәлиев болгариялық Борис Кандовтан айласын асырып, жартылай финалға шыққан. Алайда бұл жолы ол моңғолиялық Баяндурен Гантумардан 1-2 есебімен жеңіліп қалды.

Бұл салмақта Баяндурен Гантумар финалда өзбекстандық Латфулла Сайдаматовтан басым түссе, 2-қола ресейлік Мұхтар Гамзаевтың еншісінде кетті.

Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде 2 күміс, 5 қола медаль бар. Ертең Әлем чемпионатының соңғы күні самбошылар қалған 7 салмақтың чемпионы мен жүлдегерлерін анықтайды.

Биылғы бәсеке 52 елдің басын қосты. Айта кетейік, ертең спортшылар тағы 7 салмақта сынға түседі. Барлығы 21 салмақ. Әлем чемпионаты 13 қарашада аяқталады. Чемпиондар 4 мың, күміс жүлдегерлер 3 мың, қола медаль иеленгендер 2 мың АҚШ долларынан алады.

Суреттердің авторы - Шамкен Байырбек.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес