24.04.2025 | 18:37

САМИРХОН АБАБАКИРОВ ТАЙАНЬ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ТУРНИРДЕ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Бүгін Қытайдың Тайань қаласында аяқталған таеквондодан VII President's Cup–Asia халықаралық жарысында Қазақстан қоржынына тағы бір жүлде түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Былтыр Париж Олимпиадасында бақ сынаған Самирхон Абабакиров 63 кг дейінгі салмақта финалға сүрінбей жетті. Бас жүлде жолында отандасымыз әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының және Гран-при кезеңдерінің 2 дүркін жеңімпазы Джунг Джанмен (Оңтүстік Корея) күш сынасып, есе жіберді.

Айта кетейік, Самирхон алғашқы жекпе-жегінде тағы бір отандасымыз Дулат Әбдімәлікті, сосын Хуанг Чо Ченгты (Тайпей) сенімді ұтты. Ал жартылай финалда Жан Жабинге (Оңтүстік Корея) еш мүмкіндік берген жоқ.

Еске сала кетейік, былтыр Абабакиров осы қалада өткен лицензиялық турнирде финалға шығып, Париж Олимпиадасына жолдамаға иелік еткен.

Осылайша, Қазақстан командасы Дүниежүзілік таеквондо федерациясы Президенті кубогын – Азия аймағы жарысын 3 жүлдемен аяқтады. Кеше Азиза Қаражанова (-53 кг) мен Батырхан Төлеуғали (-80 кг) 3-орынға тұрақтаған.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес