13.10.2023 | 08:42

Сенсация! Әлішер Сүлейменов Магнус Карлсенді жеңді

Доха қаласында өтіп жатқан Qatar Masters Open бәсекесінің 2-турында Әлішер Сүлейменов аты аңызға айналған шахматшы Магнус Карлсеннен басым түсіп, жылдың бас сенсациясын тіркеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ұлттық құрама ойыншысы ақ түсті фигуралармен өнер көрсетті. Матчты сәтсіз бастаған әлем рейтингінің көшбасшысы 31 жүрістен кейін жеңілгенін мойындады.

23 жастағы Әлішер Павлодар шахмат мектебінің түлегі. Қатардағы жарыста қазақстандық шахматшылардан тағы Ринат Жұмабаев, Қазыбек Нөгербек, Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрманова бақ сынап жатыр.

Ринат 2-турда үндістандық Шьямнихилды жеңсе, Қазыбек өзбекстандық Жавохир Синдаровқа жол берді. Бибісара Асаубаева өзбекстандық Хумоюн Бегмуратовтан басым болса, Алуа Нұрманова үндістандық Паннерсельвам Иниянмен тең түсті. Қазір Әлішер мен Ринат қана жеңіліссіз келе жатыр.

Qatar Masters Open – әлемдегі ең беделді шахмат турнирінің бірі. Мұнда ФИДЕ рейтингі 2300-ден жоғары ойыншылар ғана сынға түсе алады. Биыл 44 елден 252-ден астам шаршы тақта шебері жиналды. Оның ішінде 8 шахматшының рейтингі 2700-ден асқан, ал 60-тан астамы гроссмейстер атағын алғандар. Турнирдің жүлде қоры 108 250 АҚШ доллары. Бас жүлде – 25 000 доллар.

Суреттердің авторы Aditya Sur Roy.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес