12.10.2023 | 15:47

Шахматшылар 2 ірі бәсекеде сынға түсіп жатыр

Дәл қазір Қазақстан шахматшылары алыс-жақын шет елдерде өтіп жатқан сайыстарда ел намысын қорғап жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жуырда Ханчжоу қаласындағы ХІХ жазғы Азия ойындарында өнер көрсеткен Ұлттық құрама ойыншылары арада көп уақыт өтпей Qatar Open халықаралық турниріне аттанды. Атап айтар болсақ, 10-21 қазан аралығында Доха қаласында Ринат Жұмабаев, Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейменов, Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрманова жүлдеге таласады.

Бұл жарыс 9 раунд, яғни швейцариялық жүйе бойынша өтеді. Уақыт бақылауы 40 жүріс үшін 90 минут. Содан кейін ойынның қалған бөлігі үшін 30 минут, 1-ші қозғалыстан кейін әр жүріске 30 секундтан. Қатардағы турнирге барлығы 168 спортшы қатысып жатыр.

Тағы бір маңызды жарыс – Италияның Сардиния аралындағы Пула коммунасында басталған 20 жасқа дейінгілер  арасындағы рапид пен блицтен әлем чемпионаты. Қазанның 9-ы мен 16-сы аралығында 26 мемлекеттен жиналған 135 спортшы жыл үздіктерін анықтайды. Бұл қатарда 8 қазақстандық бар. Олар: Арыстан Исанжулов, Назерке Нұрғали, Лия Құрманғалиева, Әбілмансұр Әбділқайыр, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Зейнеп Сұлтанбек, Айжарық Әбілмансұр.

Ал ертең Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында 8-12 жас аралығындағы ойыншылардың классикалық шахматтан әлем чемпионаты басталады. 27 қазанға дейін жүлдегерлер швейцариялық жүйе бойынша 11 раундтан кейін белгілі болмақ. Чемпионатқа барлығы 67 мемлекеттен 628 спортшы қатысады. Қазақстан Ұлттық құрама сапында 47 спортшы бар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес