17.03.2023 | 17:12

Шорт-тректен ел чемпионатының алғашқы күні Нұртілек Қажығали мен Ольга Тихонова жеңіске жетті

Бүгін Астана қаласындағы «Алау» мұзайдынында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты басталды. Ел ішіндегі басты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қаласымен қатар Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысынан келген 110 шорт-трекші қатысып жатыр.

Чемпионаттың ресми ашылуында Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов, шорт-тректен ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мадығали Қарсыбеков, Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Алғашқы жарыс күні ерлер арасында 1500 метге жарыста Нұртілек Қажығали (БҚО) чемпион атанса, мәре сызығын одан кейін Денис Никиша (Ақмола облысы) мен Еркебұлан Шамұханов (Ақмола облысы) кесті.

Ал әйелдер арасында Ольга Тихонова (Ақмола облысы) топ жасды. Күміс Яна Ханға (Ақмола облысы), қола Алина Әжғалиеваға (БҚО) бұйырды.

Сондай-ақ бүгін 2000 (аралас), 3000 (әйелдер) және 5000 (ерлер) метрге эстафетаның ширек және жартылай финалы өтті. Айта кетейік, ел чемпионатына негізінен ұлттық және жастар құрамасының спортшылары жиналды. Олар 19 наурызға дейін сынға түседі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес