10.02.2023 | 17:08

Спорт – саясаттан тыс. Жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатының баспасөз конференциясы өтті

Жиынға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жараспаев, Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан әл-Хамад, Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов, жеңіл атлетикадан Ұлттық құраманың бас бапкері Дмитрий Карпов пен жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая қатысты. Олар алдағы бәсекенің ерекшеліктері туралы айтып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

«Мен осы чемпионатты ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалаймын. Бұл (кешен) «Қазақстан» кешені бізді таң қалдырды. Осы чемпионатқа қатысу үшін келген әр түрлі елдердің барлық спортшысы жақсы әсер алып, жасалған барлық жағдайға дән риза. Мен Қазақстан халқы мен ұйымдастырушылардың жеңіл атлетикадан әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдауға дайындығын көріп отырмын. Бұл ғимаратта күндердің күні жабық жайдағы жеңіл атлетикадан Әлем чемпионаты өтетініне сенімдімін», - деді Дахлан әл-Хамад.

Жиын барысында спикерлер атқарылған жұмыстар туралы айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар журналистер ҚР жеңіл атлетика президентінен шетелде туып өскен спортшылардың азаматтық алып, Қазақстан атынан сынға түсуі туралы ойын білді.

«Бұл әлемдік үрдіс, спорт – баршаға ортақ, спорт – саясаттан тыс. Әр спортшы өмір сүруге ыңғайлы, жаттығуға ыңғайлы жерді таңдайды. Біз әр түрлі спортшыларды шақырамыз, және бұл тек жеңіл атлетикада ғана емес. Ал келген спортшылар өздерінің біліктілігін, бай тәжірибесін жергілікті спортшыларға жеткізеді», деді Даниал Ахметов.

Ұлттық құрама спортшысы Надежда да Чемпионатқа дайындығы және аталмыш жарыстан күтер көрсеткішімен бөлісті. «Мен жабық кешенде өнер көрсеткенді ұнаматын. Неге екенін түсіндіре алмаймын, дегенмен жабық кешенде өзімді жақсы сезінемін. Азия чемпионатында бәсекелестік өте жақсы. Бірақ мен әр спортшы үшін қарсылас – өзі екенін айтқым келеді. Спортшы мұны түсінген кезде, жақсы нәтиже көрсете алады», деді Надежда Дубовицкая.

Жиын соңында Даниал Ахметов чемпионатта топ жаратын жаңа есімдер туралы айтуға асықпайтынын, дегенмен Ұлттық құрама спортшылары қоржынға 9 медаль әкеледі деген сенім барын айтты.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес