11.01.2023 | invalid

Спортшылар, бапкерлер мен төрешілердің жалақысы көбейді: 2022 жылы спорт саласында тағы не жасалды?

Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондарына өмір бойы берілетін ай сайынғы қамсыздандыру мөлшері 76 380 теңгеден 318 000 теңгеге өсті.

Спорт төрешілерінің жалақысы артты. 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен базалық лауазымдық айлықақы 10 нан 100 пайызға дейін өсетін болады. Жаңа қаулы бойынша халықаралық  дәрежедегі төрешілердің базалық лауазымдық айлықақысы 2654,6 теңгеден 17697 теңгеге, жоғары дәрежедегі спорт бойынша ұлттық төрешілер ақысы 2123,6 теңгеден 15927 теңгеге өзгереді.

Спорттағы осы уақытқа дейін 1000-нан аспаған штаттық бірлік 3000 ға дейін көтерілді. Енді үш мың бапкер мен спортшы құрама сапына кіріп, мемлекет қолдауына ие болады. Яғни айлық төленіп, мемлекет беретін өзгеде жеңілдіктерді ала алады.

Сабақтан тыс спорттық іс-шараларды өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы төлеу енгізілді. Сондай-ақ, мамандандырылған мектептер мен колледждер, допингке қарсы зертхана, ұлттық допингке қарсы орталық қызметкерлерінің жалақысы көтерілді.

Спорт инфрақұрылымы салынуда. 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 27 нысан қайта жаңғыртылады. Аталған екі нысанға да үкіметтен қаржы бөлініп, Олимпиадалық жаттығу орталығының құрылысы қайта қолға алынды. Сондай-ақ, өңірлерде 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Олимпиадалық жаттығу орталығы 2023 жылы, ал Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Спорттық-құрал жабдықтар жаңартылды. Париждегі Олимпиадаға дайындық аясында Мәдениет және спорт министрлігі арнайы бағдарлама әзірледі. Оның маңызды тармақтарының бірі заманауи жабдықтарын сатып алудың жаңа нормаларын бекіту, сондай-ақ осы мақсатқа қосымша қаражат бөлу.

Ұлттық құрамалардың жаттықтырушылар құрамы қайта қаралды. 20-ға жуық жазғы олимпиадалық спорт түрінен жаңа бас бапкерлер тағайындалса, жалпы спорттың 13 түрінен Аустрия, Германия, Сербия, Македония, Грекия, Оңтүстік Корея, Франция және т.б. елдерден кеңесші-жаттықтырушылар шақырылған.

ArtSport жобасына өзгерістер енгізілді. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаның шарттары жетілдірілді. Сонымен қатар, 7 қалада 180 мыңнан астам адамды қамтитын «Қолжетімді спорт» жобасы жүзеге асырылды.

Спорт комитетіне қарасты Спорттық медициналық орталықтың жұмыс жүйесі өзгерді. Спорттық медицина және оңалту орталығының материалдық-техникалық базасын нығайту, қалпына келтіретін өнімдер мен спорттық тамақтану, витаминдер сатып алу, мамандарды оқыту және шетелдік мамандарды шақыру, фармакологиялық және биомедициналық қамтамасыз ету тізбесін қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі өтті. Бұл бұрын-соңды болмаған 1200 шақырымды бағындырған аламан бәйге.

Алматы қаласында Республикалық спорт колледжінің жанынан Жаттығу орталығы ашылды. Ұлттық штаттық құрамаға кіре алмаған 4-8 номердегі спортшылар аталған орталықта жаттығуларын жалғастыратын болады. Сондай-ақ, олар әлемдік жарыстарда бақ сынауға мүмкіндік алып, ұлттық құрамаға бәсекелестік тудырады.

2022 жылы спортшыларымыз 560-тан астам түрлі жарыстарға қатысып, нәтижесінде 600 ден аса медаль жеңіп алды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес