02.06.2025 | 11:04

СПОРТТЫҚ ГИМНАСТИКА: АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА 3 КҮН ҚАЛДЫ. ҚАЗАҚСТАН КОМАНДАСЫНЫҢ ҚҰРАМЫ ҚАНДАЙ, НЕГІЗГІ ҚАРСЫЛАСТАР КІМ?

5-15 маусым аралығында Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында спорттық гимнастикадан жасөспірімдер, ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Әуелі жасөспірімдер, ерлер 5-8 күндері кім мықтыны анықтаса, араға аз-кем үзіліс алып, 12-15 аралығында әйелдер өзара жүлдеге таласады.

Ұлттық құрама сапында кімдер сынға түседі?

Ерлер командасы: Нариман Курбанов, Милад Карими, Ілияс Азизов, Дмитрий Патанин мен Әлішер Тойбазаров, Роман Маменов;

Әйелдер командасы: Аида Курбанова, Дарья Ясинская, Медина Қапбасова, Арина Лебедева, Эвелина Ежова.

Біздің спортшылардың негізгі қарсыласы кім? Көшбасшыларға шолу

Спорттық гимнастика сары құрлықта қарқынды дамыған. Мәселен, Париж Олимпиадасында ерлер арасындағы 8 алтынның жетеуі Азия елдерінің еншісінде.

Жапония, Қытай гимнастары - кез келген байрақты бәсекенің басты фавориті. Сондай-ақ, Қытайдың Тайпейі, Филиппин, Оңтүстік Корея, Өзбекстан мен Иорданияда жеке жаттығуларда мықты спортшылар бар.

Ұлттық құраманың қазіргі қарқыны қандай?

Жыл басынан бері әлем кубогының 6 кезеңіне қатысқан гимнастар 15 жүлде иеленіп (7 алтын, 4 күміс, 4 қола), тарихи нәтижеге қол жеткізді. Милад Каримидің өзі 6 алтын, 1 күміс, 1 қола жеңіп алып, карьерасындағы үздік маусымын өткізіп жатыр. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов әлем кубогына ортасынан басып қатысса да, 1 алтын, 2 қола медаль олжалап үлгерді. Тағы бір қуантарлық жайт, Алтынхан Темірбектің ересектер арасындағы әлем кубогындағы алғашқы медалі. Ол Доха қаласында еркін жаттығуда күміс жүлдені мойнына тақты.

Осыған дейінгі Азия чемпионатындағы көрсеткіш

Былтырғы сары құрлық чемпионаты мамырда Ташкент қаласында өтіп, Қазақстан командасы ересектер арасында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған. Ол кезде біз үшін бірнеше тарихи нәтиже тіркелген. Мәселен, Милад алғаш рет Азия чемпионатының алтынын мойнына тақса (керме жаттығуы), Аида Курбанова (Бауыржанова) әйелдер арасында Қазақстанға Азия чемпионатының алғашқы жүлдесін тарту еткен.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес