14.09.2023 | 10:17
Бөлісу:
Су добынан Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы қарсыласы кімдер?
Қытайда Ханчжоу қаласы қабылдайтын ХІХ жазғы Азия ойындарындағы су добынан Қазақстан елдер және әйелдер құрамасының қай топқа түскені, кімдермен ойнайтыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ұлттық құрамалар 2-7 қазан аралығында бақ сынайды. Ерлер В тобында әуелі 2 қазанда Гонконг, 3 қазанда Жапония, 4 қазанда Сингапур құрамасымен күш сынасуы қажет. А тобында Оңтүстік Корея, Таиланд, Қытай мен Иран бар. Одан кейін 5 қазанда ширек финал, 6 қазанда жартылай финал болады. Ал 7 қазанда қола медаль үшін матч пен финал өтеді.
Әйелдер арасында Қытай, Қазақстан, Жапония, Таиланд, Индонезия, Гонконг өзара топта бір-бірімен ойнап шығады.
Құрлық Олимпиадасында ерлер арасында Жапония құрамасы басты фаворит саналады. Ал алдыңғы ойындардың чемпионы Қазақстан екенін айта кетейік. Биылғы Азия чемпионатында топ жарған жарыс қожайыны Қытай да жүлде таласына араласуға тырысып көрмек.
Ерлер мен әйелдер арасындағы чемпион Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізеді. Су добынан еліміздің ерлер құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Соден бері 2006 жылы қола жүлдегер болса, қалған ойындарда чемпион атанған.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: