25.11.2022 | invalid
Бөлісу:
Таеквондодан Ұлттық құраманың бас бапкері Батырбек Есдәулетов Әлем чемпионатынан кейін есеп берді
Бүгін Спортты дамыту дирекциясында таеквондодан Ұлттық құраманың бас бапкері Батырбек Есдәулетов Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша есеп берді.
Анықтама: 13-20 қараша аралығында болған бәсекеге 15 спортшымыз барып, жүлдеге қол жеткізе алмады. Негізі биылғы бәсеке көктемде Қытайда өтуге тиіс болған. Алайда пандемияға байланысты Латын Америкасына ауысты.
Дирекция директоры Оралбай Жақсымбетов бас бапкерден бөлек, Қазақстан құрамасында кеңесші қызметін атқаратын оңтүстік кореялық маман Ким Кванг Судың есебін тыңдады.
«Әлем чемпионатында жоспарды орындай алмадық. Осы үшін Сізден кешірім сұраймын. Мексикаға барлық спортшы физикалық және психологиялық жағынан жақсы дайындықпен барды. Жүлде жолында бізге тек сәттілік жетіспеді. Біз жүлде күткен төрт спортшы ширек финалда қарсыласына жол берді. Бізбен бірге Әлем чемпионатына федерация өкілдері бірге барды. Қай тұста кемшін түсіп жатқанымызды білдік. Халықаралық деңгейде қазақстандық төрешілердің көп болуы ортақ көрсеткішке әсер ететіні анық. Бізде қазір көптеген салмақта ел ішінде бәсекелестік төмен. Бұл осындай ірі жарыстарға құрам жасақтауға, тыңғылықты дайындалуға кедергі келтіреді»,-деп айтты.
Анықтама: Батырбек Есдәулетов Ұлттық құрама тізгінін биыл мамырда ұстады. Оған дейін аға бапкер қызметін атқарған.
«Бұл Әлем чемпионатында қазақстандық таеквондошылардың деңгейін толық көрдім. Өз елім, яғни Оңтүстік Кореямен салыстырар болсақ, мұнда Қазақстанда спортшыларға физикалық тұрғыдан тағы біраз жұмыс істеу керек. Қазіргі қарқын 3-4 жекпе-жек өткізуге жетеді. Алайда жүлде жеңіп алу үшін бұл аз»,-деді Қазақстан құрамасында жарты жылдан бері кеңесші қызметін атқаратын Ким Кванг Су мырза.
Кездесу барысында әр таеквондошының Мескикадағы көрсеткіші жеке-жеке талданды. Дирекция басшысы Батырбек Есдәулетовке келер жылдың жоспарын тыңғылықты дайындауды және осы спорттағы көшбасшы елдердің құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын жиі өткізуді тапсырды.
Мексикадағы қазақстандық таеквондошылардың нәтижесін мына жерден көре аласыздар
Әлем чемпионаттарындағы жалпы көрсеткіш
Қазақстандық таеквондошылар 2 жылда бір өтетін Әлем чемпионатында барлығы 8 қола медальге қол жеткізген. Жүлдегерлер:
Қайрат Сарымсақов (-74 кг) – 2019, 2017 жылы;
Арман Шылманов (+87 кг) – 2009 жыл;
Аслан Батықұлов, Арман Шылманов (+87 кг), Назгүл Тәжіғұлова – 2007 жылы;
Лия Нуркина – 2003 жылы;
Әділхан Сағындықов – 1999 жылы.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: