31.05.2023 | 17:54

Тағы бір қазақстандық таеквондошы ширек финалда жеңілді

Бүгін Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан таеквондодан 26-шы әлем чемпионының 3-жарыс күні мәресіне жетті. Жарыс жолына Ұлттық құрама сапынан Нұрлан Мырзабаев (80 кг), Смайыл Дүйсебай (87 кг) мен Ботакөз Қапанова (49) шықты.

Алғаш болып даянгқа шыққан Нұрлан Мырзабаев (80 кг) ирландиялық Райан Дойлды айқын басымдықпен ұтқан. Алайда 2-айналымда аса тартысты айқаста Матей Николичке 1-2 есебімен есе жіберді. Матей осымен 2-рет қазақстандық таеквондошыдан басым түсіп отыр. Хорватиялық 2019 жылы Бекжан Нұснәліммен кездесіп, айласын асырған.

Бүгін Ұлттық құрама қоржынына жүлде салатын жақсы мүмкіндік Ботакөз Қапановада болды. Отандасымыз (49) алғашқы жекпе-жегінде румыниялық Николета Клаудия Баджанды, сосын канадалық Вивиан Транквиль мен жарыс қожайыны Фатима Абакарованы айқын басымдықпен ұтты. Өкінішке қарай, ширек финалда қазіргі Еуропа чемпионы түркиялық Мерве Динчелге жол беріп, жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді.

Ал Смайыл Дүйсебай Бакудегі грекиялық Василиус Толоитистың алдын орағанымен, келесі кезеңде Артём Плонистің (Беларусь) мықты екенін мойындады.

«Мен үшін чемпионат 3-айналымда аяқталды. Басында Беларусь спортшысын жеңіп жатқанмын. Соңғы секундтарда ол есепті теңестіріп, басымдыққа ие болды. Жалпы дайындығым жақсы болды. Тек бапкерлердің айтқанын соңына дейін орындай алған жоқпын»,-деді Смайыл жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.

Ертең, жаздың алғашқы күні әлем чемпионатында Нұрбек Ғазез (63 кг) бен Ракони Бимырза (+73 кг) бақ сынайды. Жалпы биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таеквондошы жиналды. Айта кетейік, Бакуде өтіп жатқаны таеквондодан XXVI әлем чемпионаты. Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпия ойындары (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр. Әлем чемпионы 140 балл алса, күміс жүлде үшін 84, қолаға 50 ұпай беріледі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес