22.09.2022 | invalid

Тарихи нәтиже! Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының В дивизионына шықты

Футболдан Қазақстан құрамасы Астанада УЕФА Ұлттар лигасының 5-турында Беларусьті 2:1 есебімен жеңді. Осылайша, Ұлттық құрама 13 ұпай жинап, мерзімінен бұрын С-дан В дивизионына жолдама алды. Соңғы турдағы Бакуде Әзірбайжан құрамасымен болатын ойын нәтижеге еш әсер ете алмайды.

Алаң иелері төреші ысқырығы шалынысымен жиі шабуылдады. Ал 29-минутта қорғаушы Михаил Габышев әдемі комбинацияны голға айналдырып, есеп ашты. Алайда тайм түгесілер тұста Павел Савицкий айып соққысын кейін таразы басын теңестіріп кетті.

Магомед Адиев шәкірттері үзілістен кейін де қарқындарынан таңған жоқ. Тіпті, үдете түсіп, қарсыласты өз жарты алаңынан шығармады. Кездесудің 79-минутында Абат Айымбетовтің пасынан кейін Бақтияр Зайнутдинов Беларусь құрамасының 4 ойыншысын қапы қалдырып, гол салда да, Ұлттық құрамаға жеңіс сыйлады. Бұл Бақтиярдың Ұлттық құрама жейдесіндегі 24-ойында гол санын 10-ға жеткізді. Ол әзірге құрама тарихындағы 3-сұрмерген.

Осыдан кейін сауатты қорғанған Ұлттық құрама қарсыласқа еш мүмкіндік берген жоқ. Ойынды стадионнан тамашалауға 29 637 жанкүйер жиналды. Бұл «Астана-Арена» стадионындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Бүгінгі жеңістің тарихи атанатын себебі бар. Қазақстан 2002 жылы УЕФА-ға ауысқаннан бері топта 1-орын алып көрмеген. Сонымен қатар биылғыдай көп ұпай жинамаған (13 ұпай). Бұл да бір рекорд. Сондай-ақ, Ұлттық құрама өз тарихында алғаш рет УЕФА аясында қатарынан 5 ойында жеңілмеді. Оның төртеуінде 3 ұпай, алса, біреуінде осы Беларусьпен тең түскен.

ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСАТЫН МҮМКІНДІК БАР

Қазақстан Ұлттар лигасындағы топ жеңімпазы ретінде Еуропа чемпионатының қалған 3 жолдамасына таласа алады. Енді 9 қазанда Франкфуртта өтетін жеребе қорытындысын күту керек. Іріктеу ойындары 2024 жылы наурызда болады.

«Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының серіктестері – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қоры.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес