19.09.2023 | 00:51
Бөлісу:
Тарихи сәт! Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ палуаны
Санаулы сәттер бұрын Ұлттық құрама спортшысы Ризабек Айтмұхан Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Еркін күрестен 92 кг дейінгі салмақтың финалында Ризабек əзірбайжандық Осман Нурмагомедовпен күш сынасып, жеңіске жетті. Есеп: 5-2.
Осылайша, ол егемендік алғаннан бері әлем чемпионатында еркін күрестен алтын алған тұңғыш әрі ең жас қазақстандық палуан атанды. Осы уақытқа дейін Ұлттық құрама 17 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі күміс, 12-сі қола медаль.
«Құттықтап жатқан қазақ еліне рақмет! Әлем чемпионы атану үшін 9 жыл еңбек еттім. Еңбегім ақталды. Бұл менің 92 келі салмақтағы соңғы жарысымның бірі. Келесі бәсекеден бастап Олимпиада бағдарламасына кіретін 97 кг дейінгі салмаққа ауысамын. Ендігі мақсатым – олимпия ойындарында медаль алу»,-деді 19 жастағы атлет ақтық айқастан кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, кеше Ризабек бәсекені 2-айналымнан бастап, мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза ұтқан. Сосын, осы салмақтағы қазіргі әлем рейтингінің көшбасшысы грузиялық Мириани Майсураздені қапы қалдырды.
Ризабек Айтмұхан биыл өзі қатысқан барлық жарыста тұғыр сатысына көтерілді. Атап айтар болсақ, жылдың басында Алматыда өткен күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында ешкімге дес бермей, Ұлттық құрама сапын толықтырды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында, сондай-ақ, Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
«Бүгін күллі еліміз үшін қуанышты күн. Ризабек Қазақстанға осыған дейін еркін күрестен бұйырмай келе жатқан әлем чемпионатының алтынына қол жеткізді. Ризабек осы арқылы біздің барлық жанкүйерді риза қылды. Сенің алар асуларың әлі алда деген сенімдемін»,-деді Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов.
Қазір Мадияр Құрамысов баптайтын еркін күрестен Қазақстан құрамасының қоржынында Белградтағы бәсекенің 2-3 жүлдесі бар. Кеше Азамат Дәулетбеков (86 кг) қола медальмен бірге Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік еткен. Айта кетейік, 92 кг дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді.
Суреттердің авторы - Шамкен Байырбек.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықТАРИХИ СӘТ! НҰРҚОЖА ҚАЙПАНОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
ДӘУЛЕТ ЕРГЕШ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАСАТЫН МҮМКІНДІК АЛДЫ
ТАРИХИ СӘТ! РИЗАБЕК АЙТМҰХАН 3 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ