21.09.2022 | invalid
Бөлісу:
Жағажай волейболы: Самила турниріне Қазақстанның 2 құрамасы қатысады
Бүгін Таиландтың Сонгкхла қаласында жағажай волейболынан XXI Samila Open халықаралық турнирі басталады. Бес күнге созылатын бұл сында Қазақстанның екі ерлер құрамасы күш сынасады. Алғашқы құрамада Нұрдос Алдаш пен Дмитрий Яковлев, ал екінші құрамда Сергей Богату мен Кирилл Гурин жұптасып өнер көрсетеді. Жалпы Қазақстанды қосқанда ерлер арасында 14 елдің 28 құрамасы бас жүлдеге таласпақ. Олар: Таиланд, Қазақстан, Аустралия, Қытай, Катар, Жапония, Оман, Индонезия, Филиппин, Лаос, Вьетнам, Үндістан, Малайзия мен Тайпэй.
Еліміздің алғашқы құрамасы А тобында Таиланд және Индонезиямен ойнайды. Ал екінші құрам С тобында Қытай және Филиппин жігіттерімен кім мықтыны анықтайды.
Ал әйелдер арасында 10 мемлекеттің 18 дуэті шеберлік байқасады. Олар: Таиланд, Жапония, Аустралия, Филиппин, Гонконг (Қытай), Вьетнам, Индонезия, Жаңа Зеландия, Тайпэй мен Үндістан.
Ерлер арасында Индонезия, Таиланд пен Филиппин көшбасшы саналады. Ал Қазақстан, Катар, Жапония, Қытай мен Аустралия аталған көшбасшыларға тегеурінді қарсылық көрсетеді, дейді мамандар. Әр топта 2 құрама (барлығы 8 топ) плей-офқа жолдама алады.
Samila Open – ерлер арасындағы Азия чемпионаты қарсаңындағы дайындықты пысықтайтын маңызды бәсеке. Биыл сары құрлық чемпионатын 14-18 қараша аралығында Иранның в Бандар-Аббас қаласы қабылдайды.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: