06.03.2024 | 15:20

Жақсылық Үшкемпіров мемориалында 10 мемлекеттің палуандары күреседі

10-14 наурыз аралығында Астана қаласында Олимпиада чемпионы және әлем чемпионатының жеңімпазы, I дәрежелі «Құрмет» және «Барыс» орденінің иегері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен жастар арасындағы (U20) халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Биыл да даңқты палуанның есімі берілген Жекпе-жек сарайында Қазақстанмен қатар Бельгия, Әзербайжан, Хорватия, Қырғызстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Ресей (бейтарап атлеттер ретінде), Украина мен Тәжікстан құрамасының бозкілем шеберлері сынға түседі. Қазір аталған бірқатар елдің спортшылары Түркістан облысында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Осы тұста турнирге еліміздің әр өңірі мен ірі қаласы бөлек команда қосатынын айта кетейік.

Салмақтар: 55 кг, 60 кг, 63 кг, 67 кг, 72 кг, 77 кг, 82 кг, 87 кг, 97 кг, 130 кг (+2 кг). Алғашқы белдесулер 11 наурызда (іріктеу сағат 11:30-да) басталады. Ал ашылу рәсімі кешкі 17:30-ға жоспарланған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес