20.06.2022 | invalid
Бөлісу:
Жекелеген спорт түрі бойынша есеп беру: семсерлесу
Бүгін ҚР Спортты дамыту дирекциясының директоры Маратбек Мықтыбеков семсерлесуден Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Писцовты қабылдады.
Жүздесу барысында Ұлттық құраманың жуырда Сеул қаласында өткен Азия чемпионатындағы нәтижесі сарапталды. Оқу-жаттығу жиындары қалай өтетіні, отандық семсерлесуші мен қылыштасушыларға не жетіспейтіні жайлы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ алдағы халықаралық додаларға деген жоспар талқыланды. Осыдан соң Алматы, ШҚО, Қарағанды облысында бұл спорт түрі жақсы дамып келе жатқанымен, қалған өңірлердегі жұмысты жандандыру керектігі айтылды.
Алексей Писцовтың сөзінше, жоғары нәтижелерге жету үшін қомақты қаржы қажет. Бапкер мысал ретінде Мысыр құрамасын келтірді. Бұл мемлекеттің спортшылары ұзақ жыл аутсайдер саналғанымен, кейінгі жылдары мемлекеттен бөлек, демеушілер қаражатының арқасында көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.
Қабылдау барысында дирекция басшысы мен бапкер штат құрамын көбейту семсерлесуден Ұлттық құрамадағы бәсекені арттырып, пайдасын тигізетінін атап өтті. Айта кетейік, келесі жылы сәуірден бастап Париж Олимпиадасына ұпай үлестіретін жарыстар басталады. Алексей Писцов, Франциядағы бәсекеге толық құрамда жолдама иеленуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Біздің анықтама: Барлығы Олимпиадада семсерлесуден 12 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Әлемдік көшті біздің құрлықтағы Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай бастап келеді.
Естеріңізге сала кетейік, біздің спортшылар жуырда Сеул қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, 2 қола медаль жеңіп алды. Қылыштасудан Артем Саркисян жекелей сында қола медаль жеңіп алса, әйелдер құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: