13.07.2022 | invalid

Жеңіл атлетика: таңдаулы спортшылар АҚШ-та жылдың басты бәсекесіне жиналады

15-24 шілде аралығында АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында жеңіл атлетикадан XVIII Әлем чемпионаты өтеді. Штат университетінің 30 мың жанкүйерге арналған «Хейворд Филд» стадионында 192 елден келген 2 мыңға жуық таңдаулы атлет кім мықтыны анықтамақ. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге 10 бағдарламада сынға түсетін 12 спортшы апарады.

Олар: Жанна Мамажанова (марафон), Ольга Сафронова (100 метрге жүгіру), Мария Ефремова (3 қарғып секіру), Надежда Дубовицкая, Кристина Овчиникова, (екеуі де – биіктікке секіру), Михаил Литвин (400 метрге жүгіру), Нора Тануи Джеруто (3 км-ге жүгіру), Георгий Шейко, Полина Репина, Галина Якушева (үшеуі де – спорттық жүріс), Дейзи Джепкемей, Кэролайн Чепкоеч Кипкируи (екеуі де – 5 км-ге жүгіру).

Жалпы Орегондағы бәсекеге ең көп спортшыны жарыс қожайыны АҚШ қосқалы отыр (177 спортшы). Одан кейін Германия (88), Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия (81), Жапония (68) тұр. Бұл әлем чемпионатының бір ерекшелігі, жеңіл атлетиканың 49 түрінен бөлек тағы командалық есепте жеңімпаз анықталады. Бұл үшін әр жекелей сындағы жүлделі орынға ұпай беріліп, соңында қорытындысы шығарылмақ.

Жеңіл атлеттердің басты бәсекесі Солтүстік Америка құрлығында осымен 2-рет өтеді. Алғаш рет 2001 жылы Канаданың Эдмонтон қаласы қабылдаған.

Айта кетейік, жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 2 жылда бір өтеді. Негізі 18-ші дода былтыр тамызда өтуге тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясы бұл жоспарды кейінге шегерді.

Қазақстанның осыған дейінгі көрсеткіші

Еліміз алғаш рет 1993 жылы Германияның Штутгарт қаласында өткен 4-әлем чемпионатына спортшы аттандырды. Содан бері 8 медальге (3 күміс, 5 қола) қол жеткізді. Ең көп жүлде жеңіп алған атлет – Ольга Рыпакова (1 күміс, 2 қола). Одан кейін Ольга Шишигина (1 күміс, 1 қола) мен Дмитрий Карпов (2 қола) тұр. Барлық жүлдегер:

Ольга Рыпакова 2015 жылы Бейжіңде және 2017 жылы Лондонда қола жүлде.

2011 жылы Оңтүстік кореяның Тэгу қаласында Ольга Рыпакова күміс жүлдегер атанды.

2007 жылы Осакада онсайыста Дмитрий Карпов қола медаль алды (8586 ұпай).

2003 жыл Франциядағы «Стад де Франс» стадионда өткен әлем чемпионатында онсайыста Дмитрий Карпов қола медаль алды (8374 ұпай).

2001 жылы Канаданың Эдмонтон қаласында Ольга Шишигина қола медаль иегері атанды (100 метрге кедіргілер арқылы жүгіру, уақыты 12.58 секунд)

1995 жылы Швецияның Гетеборг қаласында Ольга Шишигина күміс медаль жеңіп алды (100 метрге кедіргілер арқылы жүгіру, уақыты 12.80 секунд).

1993 жылы Германияның Штутгарт қаласы. Григорий Егоров күміс медаль (сырықпен секіру, 5.90 метр).

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес