12.04.2023 | 21:16
Бөлісу:
Жəмилə Бақбергенова Астанада 3 дүркін Азия чемпионы атанды
Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресі аяқталды. Қалған бес салмақтың екеуінде Ұлттық құрама спортшысы жүлдеге қол жеткізіп, жанкүйерлерді қуантып тастады. Алдағы материалда тұғыр сатысына көтерілген балуандардың нәтижесіне тоқталамыз.
Қазақстан құрамасының көшбасшысы Жәмилә Бақбергенова (72 кг) финалда жапониялық Сумире Ниикураны сенімді ұтып, Азия чемпионатында қатарынан 2-рет топ жарды. Ол – сары құрлық бəсекесінде жалпы 3 мəрте жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ балуаны.
Айта кетейік, қазақстандық күндіз ширек финалда тайбэйлік Пинг Цен Хонгты, сосын жартылай финалда моңғолиялық Даваанасан Энкх Амарды таза ұтқан. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).
Ал 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нилуфар Раимованың жеребесі сәтті түскен. Түркістандық балуан іріктеуде тайбэйлік Ю Хан Ченгтен жеңісті соңғы сәтте жұлып алғанымен, келесі белдесуде өзбекстандық Лейлохан Собировадан таза ұтылды. Нилуфар кешке қырғызстандық Бермет Нуриддинқызын сенімді ұтып, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл салмақта жапониялық Саэ Нанджо топ жарса, өзбекстандық Лейлохан Собирова күміс медаль алды.
Бүгін бозкілемге шыққан Ирина Кузнецова (62 кг), Альбина Қайыргелдинова (65 кг) мен Алтын Шағаева (53 кг) жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.
Әйелдер күресінен жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс және 2 қоласы бар Жапония құрамасы 1-орын алса, Қытай (2 алтын, 1 күміс, 3 қола) мен Үндістан (2 күміс, 4 қола) одан кейінгі сатыға жайғасты.
Қазақстан 2 алтын, 3 қола медальмен ұпай саны жағынан 4-орыннан көрінді. Қалған бір алтын қырғызстандық Айсұлу Тыныбекованың (62 кг) қоржынында кетті.
Былтыр Моңғолия астанасында Қайрат Сағадиев баптайтын балуандар 2 алтын, 2 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте үздік үштікті түйіндеген.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықЖӘМИЛА БАҚБЕРГЕНОВА – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ 4 ДҮРКІН ЖҮЛДЕГЕРІ
ЖӘМИЛӘ БАҚБЕРГЕНОВА 3-РЕТ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ