22.03.2023 | 22:52

ƏЧ-ның 6-күні 6 қазақстандық жартылай финалға шықты

Делидегі əлем чемпионатының 7-жарыс күні қазақ əйелдер боксы үшін тарихи нəтижемен есте қалды. Ұлттық құраманың 6 өкілі жартылай финалға шығып, кемі қола жүлдеге ие болды.

Қазақстан қоржынына ƏЧ-ның алғашқы медальді Ұлттық құраманың аса жеңіл салмақтағы өкілі Алуа Балқыбекова салды. Ол түркиялық Эриван Барутпен болған жекпе-жекте төрешілер шешімімен ұтты. Есеп 5:0. Алуаның келесі қарсыласы үндістандық Ниту Ниту. Қазақстандық боксшы екеуі былтыр Ыстанбұлдағы чемпионаттың іріктеуінде кездесіп, Алуа ұтқан.

Ұлттық құраманың 2-жүлдесіне Карина Ибрагимова (57 кг дейін) қол жеткізді. Осыған дейін 2 кездесуде мерзімінен бұрын жеңген отандасымыз венесуэлалық Омайлин Алгаланы өз мəнерінде ұтты.

Күндізгі сессияны қорытындылаған Фариза Шолтай осы чемпионатта қалған Кенияның жалғыз өкілі Адиамбо Элизабет Андиегоны таза ұтты. Қарсыласы қазақстандықтың ауыр соққыларына тойтарыс бере алмады.

Ширек финалдағы отандасымыз Надежда Рябец (66 кг) пен Кабо-Верде боксшысы Ивануся Гомес Морейря арасындағы жекпе-жек сарапшылар ойлағандай аяқталды. Мұнда екі спортшының деңгейі айқын байқалып тұрды. Надежда еш қиындықсыз келесі кезеңге өтті.

Былтырғы Ыстанбұлдағы əлем чемпионатының қола жүлдегері Валентина Хальзова (75 кг) биыл кем дегенде сол нəтижесін қайталады. Тəжірибелі, əлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері түркиялық Элиф Гюнермен арадағы жекпе-жек қиын өтті. Мұнда қазақстандық тізгінді қолына алып, маңызды жеңіске қол жеткізді.

Аса ауыр салмақта сынға түсетін Лəззат Күнгейбаева соңғы болып жартылай финал жолдамасына иелік етті. Ол жарыс қожайыны Нупур Нупурмен болған кездесуде басым түсті.

Біздің боксшылардан Жайна Шекербекова (54 кг), Римма Волосенко (60 кг) мен Мадина Нұршаева (70 кг) жүлдеге бір табан жетпей тоқтады. Жартылай финал ертең, 23 наурызда өтеді.

Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен 3-рет қабылдап жатыр. Қазір мұнда 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласып жатыр. Чемпиондар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс медаль иегерлері 50 мың, қола 25 мың АҚШ долларын алады. Қазақстан құрамасы барлық 12 салмақта спортшы алып барған. Бəсекені бастан-аяқ Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес