06.09.2022 | invalid

Үстел теннисі: Алматыда WTT Contender халықаралық турнирі өтеді

Қазақстан 13-18 қыркүйек аралығында Алматы қаласындағы жаңа ADD үстел теннисі орталығында өтетін үстел теннисінен беделді WTT Contender Almaty халықаралық турнирін қабылдайды.

Оған әлемнің 28 елінен 140 атлет қатысады. Қазақстан алғаш рет жүлде қоры 75 мың АҚШ долларын құрайтын Contender сериясының әлемдік деңгейдегі турнирін қабылдайды.

Турнирге әлемдік үстел теннисінің атақты жұлдыздары, оның ішінде Олимпиада Ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері және Әлем Кубогының жеңімпазы Дмитрий Овчаров (Германия), Олимпиада Ойындарының қола жүлдегері Линь Юньжу (Қытайдың Тайбэйі), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Маттиас Фальк (Швеция), Еуропа чемпионы, Олимпиада Ойындарының қола жүлдегері Данг Цю (Германия), Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ан Джэ-хён (Оңтүстік Корея) және басқалар қатысады.

ITTF және WTT ережелеріне сәйкес, аталған турнирде Қазақстанның атынан 11 ер спортшы және 11 әйел спортшы қатысатын болады, олардың ішінде құраманың көшбасшысы, Рио-2016, Токио-2020 Олимпиада Ойындарының қатысушысы және көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы Кирилл Герасименко, сондай-ақ халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Алан Құрманғалиев бар.

«Қазақстан Үстел теннисі федерациясы әрдайым Халықаралық федерация қамқорлығымен беделді турнирлерді ұйымдастыру бойынша ұзақ мерзімді ниеттері туралы мәлімдеген болатын. Бұл біздің еліміздегі үстел теннисі бойынша алғашқы халықаралық оқиға емес. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің ең мықты спортшыларының қатысуымен TTF World Tour Grand Finals халықаралық турнирі өткізілген болатын. Өткен жылы біз ITTF International Kazakhstan Open халықаралық турнирін өткіздік, онда біздің спортшылар өздерін жақсы көрсетті. Бұл турнир қазақстандық спортшыларға өз аумағында беделді халықаралық турнирге қатысуға бірегей мүмкіндік береді. Біз Халықаралық федерация көрсеткен сенімді жоғары бағалаймыз және бұл турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Ұлттық үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.

Турнирді тікелей эфирде QAZSPORT телеарнасы мен ITTF Халықаралық федерациясының ресми сайты көрсетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес