25.12.2023 | 22:51

«Үздік» номинациясының иегерлерін марапаттау кеші өтті

Бүгін Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елордадағы Президент орталығында 2023 жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылған спортшыларды салтанатты марапаттау өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жыл сайынғы дәстүрлі іс-шара барысында ел абыройын асқақтатып, халықаралық бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар, спорт саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары 18 аталым бойынша марапатталады.

Жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және биылғы әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты.

Іс-шарада сөз алған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев биыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын, жерлестеріміз халықаралық ареналарда жарқын жеңістерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, үздік шыққан спортшыларды құттықтады.

«Бүгін біз биылғы жұмыстарымызды қорытындылау және үздік спортшыларды құрметтеу үшін арнайы жиналып отырмыз. Биыл ел спортында айтулы жеңістер аз болған жоқ. Жалпы спорт саласы елімізде қарқынды дамып келеді. Спорттың барлық түрі бойынша отандық спортшылар жанкүйерлерді өз жетістіктерімен әрдайым қуантып жүр. Ұлттық құрама спортшылары жыл басынан бері 1 400 халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 291 алтын, 262 күміс және 311 қола медаль. Әлем чемпионаттарында 68 алтын медаль, Азия чемпионаттарының 47 алтын жүлде, Азия ойындары 10 алтын олжалады. Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігі тарихында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, марапаттағанын ерекше атап өткім келеді», - деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен, жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар:

Нүркен Рахманқұл – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;

Кенжеғали Бекқұлов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;

Рауан Қазезов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;

Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;

Исхар Курбаев – «Жас және жасөсіпірімдер құрамындағы спортшы»;

Виктория Волкова – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;

Наталья Сухачева – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;

Берік Қонысбеков – «Үздік спорт дәрігері»;

Мөлдір Жаңбырбай, Милад Карими, Руслан Құрбанов –  «Жылдың үздік нәтижелері»;

Қазақстанның спорттық ату федерациясы – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясы»;

Тимур Турлов – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясының президенті»;

Әділет Бәрменқұлов – «Жылдың үздік спорт менеджері»;

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Үміт спорт клубы – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;

Алматы қаласы – «Үздік спорт өңірі»;

Сергей Шабалин (Руслан Құрбановтың бапкері) – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;

Ризабек Айтмұхан – «Спорттағы үздік серпін»;

Махмұд Сабырхан - «Жылдың үздік спортшысы»;

Ербол Хамитов – «Жылдың үздік пара спортшысы»;

Самат Қанағатов, Жандос Бұсұрманов, Ербол Қайыров – «Үздік спорт журналисі».

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес