08.03.2024 | 22:28

Ұлттық құраманың 4 боксшысы қарсыластан басым түсті

Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан әлемдік іріктеу турнирінің 6-жарыс күні Ұлттық құраманың 4 өкіліне жеңіс оңайшылықпен келмеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Әуелі Париж Олимпиадасының жолдамасын алуға екінші мүмкіндік алған 66 келідегі Наталья Богданова алғашқы айқасында Аргентина спортшысы Лорена Соледад Бальбуэнаға қарсы өткізіп, 4:1 есебімен ұтты. 

Сондай-ақ, күндізгі сессияда 80 келідегі әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 1/16 финалда қара күштің иесі, Того мемлекетінің спортшысы Прева Падабадиді техникалық шеберлігімен жеңді. Енді ол 1/8 финалда өте қиын болады. Себебі, оның қарсыласы 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Алфёров (AIN) атанады.

Кешкі сессияда бұған дейін ең жеңіл салмақта әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдесін алған Алуа Балқыбекова жаңа 50 кг салмақта өнер көрсетті. 28 жастағы боксшы чехиялық атлет Клаудиа Тотовамен кездесіп, 3 раунд бойы айқасты өз бақылауында ұстады. Есеп: 5:0.

Ал әлем чемпионы Махмұд Сабырхан үшін 57 кг екінші айқасы өте қиынға соқты. Қазақ боксшысы 1/16 айналымда Саравут Сукзеттен (Таиланд) 3:2 есебімен ғана басым түсті.

Алғашқы раундта қолының ұзындығын пайдаланған Таиланд спортшысы 3:2 есебімен басым түскенімен, қалған уақытта жерлесіміз қорғанысқа көңіл бөліп, жақын қашықтықта айласын асырып кетті. Екі боксшы былтыр 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының финалында жолығып, Махмұд Сабырхан жеңіске жеткен.

Ертең әйелдер 54, 60, 66, 75 келіде жекпе-жек өткізсе, ерлер 63,5, 92,+92 келіде айқасады.

18:15

75 кг. Валентина Хальзова – Бусра Исилдар (Түркия, 2021 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған);

23:45

66 кг. Наталья Богданова – Анета Ригельска (Польша, 2019 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері);

01:15

92 кг. Айбек Оралбай – Хулио Сесар Кастильо Торрес (2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері).

Суреттердің авторы - Аян Төлеген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес