07.12.2022 | invalid
Бөлісу:
Әлем чемпионаты: Арли Чонтей жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді
Колумбия астанасы Боготада ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін 55 келіге дейін салмақта А тобында сынға түскен Арли Чонтей жалпы есепте 259 келіні еңсеріп (118+141), 4-орын алды. Қазақстандық алғашқы, жұлқа көтеру жаттығуында күміс жүлдеге қол жеткізгенімен, 2 сайыс нәтижесінде жүлдеге сынық сүйем жерде сүрінді.
Айта кетейік, Арли Чонтей былтыр Ташкентте өткен 86-шы Әлем чемпионатында осы салмақта топ жарған (118+142). Ал 2 ай бұрын Бахрейн астанасы Манамада өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Сондай-ақ, ол – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Азия чемпионатында жеңіске жетіп (Ташкент, 2020 ж), 2019 жылы Нинбодағы додада қола жүлдеге қол жеткізген.
Биыл Боготада бұл салмақта 19 жастағы тай зілтеміршісі Терапонг Силачай (265 кг) алтыннан алқа тақты. Ол серпе көтеруде 148 келіні ырқына көндіріп, жастар арасындағы әлем рекордын тіркеді. Екінші орын 260 кг (117+143) тасты көтерген Вьетнам спортшысы Сон Дин Нгоға бұйырды. Үштікті Оңтүстік Корея өкілі Йон Го Ким (115+145) түйіндеді.
Биылғы чемпионат желтоқсанның 16-на дейін жалғасады. Барлығы 93 мемлекеттен келген 550-ге тарта таңдаулы зілтемірші 20 салмақта (ерлер, әйелдер) кім мықтыны анықтайды.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: