05.04.2024 | 20:07
Бөлісу:
Анастасия Городко әлем чемпионы атанды
Ұлттық құрама спортшысы Анастасия Городко Италияның Кьеза-ин-Вальмаленко қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Отандасымыз финалда 71.89 балл жинады. Осылайша, Анастасия – фристайл-могулдан осы жас санатында әлем чемпионатында 2-рет топ жарып отыр. Бүгін күміс пен қола медаль Жапония құрамасының спортшылары – Марин Ито мен Юма Тагучиге бұйырды.
Сондай-ақ оның қоржынында 2022 жылғы осы Кьеза-ин-Вальмаленкодағы әлем чемпионатының параллель могул мен командалық могулдағы күміс жүлдесі бар.
Осы тұста Анастасия Городко ауыр жарақаттан айыққанын айта кеткен жөн. Отандасымыз 2022 жылы дәл осы Кьеза-ин-Вальмаленкодағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, арада 1 ай өткенде көлік апатына ұшыраған. Дәрігерлер оның оң аяғының көптеген сүйегі сынған анықтады. Спортшыға дер кезінде Германияда ота жасалып, ол 2023 жылы толық ем алды. Қайта қалпына келу процесінен кейін Городко биыл кәсіби спортқа қайта оралып қана қойған жоқ. Әлем чемпионатында оза шауып, бабында екенін паш етті.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: