24.11.2023 | 13:55
Бөлісу:
Айсамал Сансызбаева әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды
Гвадалахара қаласында (Мексика) өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Айсамал Сансызбаева күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айсамал Сансызбаева қоссайыс қорытындысы бойынша 250 келіні бағындырды. Жұлқа көтеруде 107 келіні, серпе көтеруде 143 келіні еңсерген жас спортшы жақсы нәтиже көрсетті.
Айсамалдың жұлқа көтеруден кіші күміс медальді, серпе көтеруден кіші алтынды иеленгенін айта кету керек.
Сондай-ақ тағы бір отандасымыз 89 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Егор Шерер қоссайыс бойынша 334 (153+181) келіні бағындырып 7-орыннан көрінді.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Мексикадағы әлем чемпионатын 1 алтын, 1 күміс медальмен аяқтап отыр. Бұған дейін Едіге Емберді алтыннан алқа тағып, ел байрағын биікке көтерген болатын. 44 елден 229 қатысушы жиналған жаһандық додада ел намысын бес спортшы қорғады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: