05.11.2023 | 11:53
Бөлісу:
Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті
Астана қаласында танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Үш күн бойы 23 мемлекеттен келген 90-нан астам спортшы Челленджер санатындағы ұпай үшін бақ таласты. Бұл қатарда Александр Лакерник, Анна Леванди (Кондрашова), Ирина Жук, Ростислав Синицын, Этери Тутберидзе, Юлия Липиницкая, Адам Соля, Вазген Азроян сынды тәжірибелі бапкерлер өзінің таңдаулы шәкірттерін алып келді.
Мұздағы биден жұптық сында Грузия құрамасының спортшысылары Диана Дэвис пен Глеб Смолин жеңіске жетті. Екінші орынға Дженнифер Янсе ван Ренсбург⁄Бенджамин Стеффан (Германия), үшінші сатыға Зоя Ларсен⁄Андрий Капран (Украина) тұрақтады. Жасөспірімдер арасында Оңтүстік Корея мәнерлеп сырғанаушысы Хабин Чой алтыннан алқа тақты. Грузиялық Константин Супаташвили мен қазақстандық Никита Кривошеев үздік үштікті түйіндеді. Қыздар арасында Инга Гургенидзе (Грузия) үздік шықса, Анна Лушенкова (Израиль) күміс, Оңтүстік Корея өкілі Энби Парк қола медаль жеңіп алды.
Жарыстың соңғы күні әдеттегідей гала-шоу ұйымдастырылды. Онда Мари-Пьер Лере (Франция), Аделия Петросян, Алена Косторная, Георгий Куница (Ресей) сынды арнайы шақырылған қонақтар өнер көрсетті. Сондай-ақ Артур Смагулов (Қазақстан), Арлет Леванди (Эстония), Хан гиль Ким (Оңтүстік Корея), Дарья Гримм мен Михаил Савицкий (Германия), София Фарафонова (Қазақстан), Семен Даниэлянц (Армения), Чжу Хон Лим (Оңтүстік Корея), Дженифер Янс ван Ренсбург пен Бенджамин Стефан (Германия), Диас Жиренбаев (Қазақстан) сынды биылғы турнирдің жүлдегерлері шеберлігін паш етті. Кеш барысында Денис Тен атындағы академияның үздік тәлімгерлерімен танысып, өнерін тамашалады.
Осы тұста гала-шоуда жиналған қаржы елімізде мәнерлеп сырғанауды дамытуға және Денис Тен академиясының дарынды спортшыларын қолдауға бағытталатынын айта кетейік.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: