18.01.2024 | 18:53

Ермек Маржықпаев Канвондағы Олимпиада қалашығын аралады

Бүгін ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы Каннын қаласындағы Олимпиада қалашығына барып, делегация спортшыларымен және бапкерлермен кездесті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Салаға жауапты министр IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға келген атлеттеріміз орналасқан бөлмелерді аралап, жалпы жиналыс өткізді. 

«Бәріңізді осында, жарыс өтетін жерде көргеніме қуаныштымын. Қаншама қонақ пен спортшылардың келгенін өздеріңіз көріп жатырсыздар. Барлығы 70-тен астам елден 1800-ге жуық спортшы бар. Сіздерге күнделікті тынымсыз еңбектің арқасында осында келудің сәті түсті. Сіздерге отбасыларыңыз, жанкүйерлер мен бүкіл Қазақстан көз тігіп, қолдау көрсетіп отыр. Айтарым, тек қана алға!»,-деді Ермек Маржықпаев.

Осыдан кейін жуырда Астанада ашылған Олимпиадаға дайындық бойынша штабтың басшысы Елсияр Қанағатов министрге делегациядағы ресми өкілдердің жұмысы жайлы баяндады. Алдағы күндері олар Қазақстаннан келетін спортшылардың екінші толқынын қалашыққа орналастыру, жаттығу кестесін үйлестіру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Жиыннан кейін Ермек Боранбайұлы делегацияның жауапты өкілдеріне командаға барлық жағдай жасауға атсалысуды тапсырды.

Айта кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының салтанатты ашылуы рәсімі ертең, 19 қаңтарда Каннын қаласындағы конькимен жүгіру стадионында (Gangneung Oval) өтеді. Ал жабылу салтанатын 1 ақпанда «Gangneung Olympic Park» спорт кешені қабылдайды.

Канвон-2024 ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 80-ге жуық елінен келген 1800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан намысын 5 спорт түрінен 41 атлет қорғайды.

Суреттердің авторы - Сали Сабиров.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес