26.06.2022 | invalid
Бөлісу:
Grand Slam: Жарыстың соңғы күні 3 қазақстандық жүлдегер атанды
Бүгін Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда дзюдодан Grand Slam бәсекесі аяқталды. Соңғы жарыс күні Қазақстан құрамасының 6 дзюдошысы белдесіп, 3-еуі қола медаль жеңіп алды.
90 келі салмақта бақ сынаған Дидар Хамза 3 жекпе-жекте қарсылас шақ келітрген жоқ. Алайда жартылай финалда IJF атынан өнер көрсететін ресейлік Михаил Игольниковтен ұтылып қалды. Ал қола медаль үшін болған жекпе-жекте тағы бір ресейлік Мансур Лорсановтан айласын асырды.
Бұл салмақтағы тағы бір отандасымыз Ерсұлтан Мұзаппаров алғашқы белдесуінде Тайбэй дзюдошысын жеңгенімен, ізін ала жоғарыда аты аталған ресейлік Мансур Лорсановқа есе жіберді.
Ал 100 келі салмақта тәжірибелі Ислам Бозбаев бірінші жекпе-жекте моңғолиялық қарсыласын жерге қаратқанымен, 2-белдесуде Израиль мықтысы Петр Пальчикке қауқар таныта алмады. Тағы бір отандасымыз Нұрлыхан Шархан әлем чемпионы, португалиялық Хорхе Фонсекадан ұтылды. Ал Фонсека Ұлан-Батырдағы бәсекенің финалына шығып, ресейлік спортшыға есе жіберді.
Әйелдер арасындағы аса ауыр салмақта (+78) Камила Берліқаш іріктеуден сенімді өтті. Өкінішке қарай, жартылай финалда Израиль өкілі, осы Гран-Придің жеңімпазы Раз Гершкодан жеңіліп қалды. Қола медаль үшін айқаста моңғолиялық Номинзул Дамбараджаның әлсіз тұсын тапты. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Назгүл Маратова да оңтүстік кореялықпен қола жүлдеге таласқанымен жолы болмады.
Ерлер арасындағы аса ауыр салмақтағы (+100 кг) Әділ Оразбаев та соңғы сәтті қарсыластың мықтылығын мойындап, финалға шыға алған жоқ. Десе де үшінші орынға таласта германиялық қарсыласын жеңді.
Айта кетейік, бұл Париж Олимпиадасына ұпай үлестірілетін алғашқы бәсеке. Әр салмақтың чемпионы мың, күміс жүлдегер 700, қола жүлдегер 500 ұпайға ие болады. Сондай-ақ бестікті түйіндеген екі дзюдошы 360 балл алады. Ал 7-орындағы дзюдошы 260 баллды қанағат етеді. Бұл балл Париждегі Олимпия ойындарына іріктеу кезінде есепке алынады.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлан-Батырда алғашқы күні Абиба Әбужақынова үздік үштікті түйіндеген. Жалпы Қазақстан құрамасының қоржынында 4 қола медаль бар.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықТОКИО ҮЛКЕН ДУЛЫҒАСЫ: ЖЫЛДЫҢ СОҢҒЫ ЖАРЫСЫНДА КІМ КҮРЕСЕДІ?
ЕЛДОС СМЕТОВ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ РЕТІНДЕ АЛТЫН ЖАПСЫРМА АЛДЫ